Ақмола облысында 116,5 мың бала жазғы лагерьде демалады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақмола облысында 116,5 мыңнан астам бала жазғы лагерьде демалатын болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық білім басқармасының мəліметі бойынша, күні бұрын екшеліп, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жасаған жоспарларына сәйкес, балалардың жазғы демалысы кезінде 116 567 оқушыны немесе 99 пайызын қамту көзделіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда біршама өсім бар. Ал, еңбекке баулу ісімен 116 607 оқушы қамтылмақ.

«Осынша оқушыға жазғы демалыстары кезінде 20 қала сыртындағы балаларды сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Оның 13-і мемлекеттік болса, 7-еуі жекеменшік. Бұл лагерьлерде Ақмола облысындағы балалардан бөлек, Қазақстанның барлық аумағынан оқушылар келіп демалатын болады.

Маусымның басынан Біржан сал ауданының Карловка ауылындағы «Балауса» балалардың сауықтыру орталығы жұмысын бастайды. Зеренді ауданында «Парус» орталығы биыл жазда балалар мен жасөспірімдерді жазғы демалыс және сауықтыру бағдарламасын жүзеге асырады. Ақмола облысында 20 лагерь мен 4 балаларды сауықтыру орталығы тәулік бойы жұмыс істейді. 16 лагерь жазғы маусымда оқушылармен жұмыс істейтін болады», - дейді ведомстводан.

Сонымен қатар, жаз маусымында Ақмола облысының мектеп оқушылары республикалық мақсаттағы лагерьлерде сауығатын болады.

Осы орайда, көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардағы, жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, жасөспірімдер ісі бойынша бөлімше мен мектепішілік есепте тұрған балалар да назардан тыс қалмайды.

«Туған жер» бағдарламасы бойынша «Ұлы дала елі», «Астанамыз Нұр-Сұлтанды зерттейміз», «Нұр-Сұлтан - Еуразияның кіндігі» тақырыбында экспедициялар ұйымдастырылмақ.

Бұдан бөлек, Ресейдің Омбы, Түмен және Челябі облыстарында тұратын 40-қа жуық оқушы, яғни, этникалық қазақ балалары Бурабай ауданының киелі жерлеріне саяхат жасайтын болады.

Соңғы жаңалықтар