Ақмола облысында 100-ден аса адам судан құтқарылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында суға шомылу маусымы басталғаннан бері жағажайларда аумақтық ТЖД мен жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері бірлесіп 1041 алдын алу шарасын өткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖД-нің төтенше жағдайларды жою бөлімінің басшысы Олег Малюк айты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

О.Малюктің айтуынша, жүргізілген шаралар қорытындысы бойынша 122 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Жауапқа тартылған адамдардың 115-сі қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкен, 7-уінде жалпы суды пайдалану ережесін бұзған болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар одан  әрі жалғасуда. Қазіргі кезде, 52 қоғамдық бақылау бекеті жұмыс істейді. Оған барлығы 183 қоғамдық құтқарушылар кіреді. Биылғы маусым кезінде олар 26 адамды құтқарды», деп атап өтті О.Малюк.

Сонымен қатар, ТЖД құтқарушылары облыстық білім, туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп, балаларды суда жүзуге үйретуде. Биылғы жылы 1116 бала суда жүзудің қыр-сырын меңгерді. Суға шомылу маусымында құтқару бөлімшелерінде  4 балалар жағажайы жұмыс істеді. Оған қоса, Ақмола облысының білім басқармасымен бірлесіп, орта мектептер мен колледждердегі мұғалімдерге құтқару бойынша алғашқы дәрігерлік көмек көрсету тәсілдерін оқыту мәселесі шешілді. Курстан өткендерге қоғамдық құтқарушы куәлігі беріледі. Қазіргі кезде облыста  60-тан астам мұғалім курстан өтті.

Жыл басынан бері Ақмола облысының ТЖД бөлімшелерімен судан 111 адам, оның ішінде 22 бала құтқарылса, 11 адам (оның ішінде 2 бала) суға батып кетті. Облыс бойынша тиісті деңгейде жарақталмаған және қауіпті су қоймаларында адам өлімін алдын алу бағытында 449 тиым салу белгісі орнатылған.

Соңғы жаңалықтар