Ақмола облысында 1 жасар бала жол апатынан көз жұмды

None
None
СТЕПНОГОР. ҚазАқпарат - Ақмола облысының «Ақсу - Бестөбе - Изобильное» тасжолында жол апаты болып, бір жасар сәби көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы қарашаның 10-да сағат 12:10 шамасында Степногор қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне «Ақсу-Бестөбе-Изобильное» автожолының 18-шақырымында жол апаты болғаны туралы хабар түсті.

Анықталғандай, Степногор бағытында жүріп келе жатқан «Ваз-2110» автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік жолдың шетіндегі жыраға құлаған.

«Өкінішке орай, жол-көлік оқиғасы салдарынан алған жарақаттардан оқиға орнында бір жасар бала көз жұмды. Степногор қалалық ауруханасына «жабық бас сүйегінің жарақаты, ми шайқалу, оң қолының жарақаты» диагнозымен екі жасар бала, 23 жастағы қыз және 48 жастағы әйел жеткізілді. Тиісті сараптама жүргізіліп жатыр», - деп атап өтті ведомстводан.

Бұл оқиғаға Қылмыстық кодекстің 345-ші бабының 3-ші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.


Соңғы жаңалықтар