Ақмола облысынан Қостанайға тағы 50 тонна гуманитарлық көмек жіберілді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалықтар 25,1 миллион теңгенің 50 тонна азық-түлік өнімдері, киім-кешек, кеңсе тауарлары, тұрмыстық химия және жеке гигиеналық құралдарды жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Жақсы, Есіл, Зеренді, Сандықтау мен Жарқайың аудандарынан гуманитарлық көмек тиелген 11 жүк көлігі Қостанай облысының Әулиекөл ауданына аттанды. Бұл Ақмола облысының қостанайлықтарға жіберіп отырған гуманитарлық көмектің екінші легі.

«Осынау сын сағатта облыс тұрғындарының жұдырықтай жұмылып отырғаны қуантады. Жалпы, қайырымдылық шарасына барша ақмолалықтар, олардың қатарында депутаттар, жергілікті кәсіпкерлер мен еріктілер жасақтары белсенді қатысуда. Гуманитарлық көмектен өзге Қостанай облысында өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету үшін құрылған Бірыңғай қоғамдық қорына ақмолалықтар тарапынан 14,9 млн. теңге аударылды»,- деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айна Мысырәлімова.

Партия филиалының баспасөз қызметінен атап өткендей, қайырымдылық акциясына «Сандықтау Астық», «Каменка и Д» серіктестіктері мен «Арман», «Бек» жеке кәсіпкерлік иелері, ауылдық округ әкімдері мен депутаттар, басқа да партияластар белсенді қатысып отыр.

«Өртті ауыздықтауға Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 68 адам үлес қосуда. Жалпы, құтқарушыларға көмек көрсету мақсатында бүгін облыстық мәслихат депутаты Қайрат Сұлтанов жеке көлігімен жарты тонна азық –түлік өнімдерін әкетті. Сонымен бірге, бүгін партияның «Жастар Рухы» жастар қанатының 20 шақты мүшесі өрттен зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында Қостанай өңіріне аттанды», – деді толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, бұған дейін Ақмолалықтар Қостанайда өрттен зардап шеккендерге 15 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберген еді.



Соңғы жаңалықтар