Ақмола облысына 2015 жылы 200 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды - С.Кулагин

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысына 2015 жылы 200 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Бұл туралы бүгін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің «2015 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2016 жылдың негізгі міндеттері» туралы халық алдында есептік кездесуінде айтылды.

Аймақ басшысының айтуынша, өткен 2015 жыл біздің мемлекетіміздің тарихи жылнамасын айғақтайтын жарқын да айтулы оқиғаларға толы болды. Олар: Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы. Солардың ішінде сөз жоқ, ұлтаралық келісім мен татулықтың айрықша моделі, Қазақстан мемлекеттілігінің берік іргетасы - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы да бар.
«Әлемдік экономикада байқалған дағдарысты ескерсек, 2015 жыл күрделі, сонымен бірге, экономикалық және қаржылық оқиғаларға толы болды. Еліміз сыртқы факторлардың ықпалына ғана емес, сондай-ақ, жаңа жағдайға тап болды. Бүгінгі таңда біздің алдымызда Мемлекет басшысы қолға алған ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру жөніндегі маңызды міндеттер тұр. Ең алдымен, бұл - бес институционалдық реформа, «100 нақты қадам», Жалпыұлттық және дағдарысқа қарсы жоспарлар, үдемелі индустриалды-инновациялық даму, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын модернизациялау бағдарламалары. Мұның бәрі 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылуына мүмкіндік береді», деді С.Кулагин өз сөзінде.
Сонымен қатар, ол ел экономикасының дамуына Ақмола облысы да лайықты үлесін қосып келе жатқандығын атап өтті.
«Өнеркәсіп орындары тұрақты жұмыс істеуде, ірі индустриялық жобалар іске асырылып, жаңа технологиялар енгізілуде, тұрғын үй, білім және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы жүргізілуде. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өткен жылы астықтың жоғары түсіміне қол жеткізілді. «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуы құрылыс жұмыстары көлемін 106,1 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді. 282 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, осының арқасында 2406 отбасы өздерінің тұрмыстық жағдайларын жақсарта алды. Облыс экономикасына 199,3 миллиард теңге инвестиция, соның ішінде сырттан 14,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Нақты сектордағы көрсеткіштердің өсуі орташа айлық еңбекақының өсуіне және халықтың жұмыспен қамтылуына жағдай туғызды», -деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында өтіп жатқан шараға ҚР Әділет министрі Берік Имашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов, сондай-ақ, аудан және қала әкімдері, өзге де мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттары, ірі кәсіпорындардың, әлеуметтік сала және мемлекеттік емес ұйымдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар