Ақмола облысына 1,5 мыңға жуық Ресей азаматы келді

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысына 1500-ге жуық Ресей азаматы келді. Осыған байланысты Ақмола облысының халыққа қызмет көрсету орталықтарында қосымша терезелер ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевтің айтуынша, 21 қыркүйектен бері Ақмола облысына Ресей Федерациясының 1436 азаматы уақытша келді.

Ал, өткен тәулікте 601 адам келген.

«Олардың ішінде ішкі істер органдарына – 351 адам, визалық көші-қон порталы арқылы - 264 адам, «Е – қонақ» мобильді қосымшасы арқылы - 821 адам өтініш білдірді. Қазақстан Республикасында уақытша тұруға 257 рұқсат берілді», - деді Малғаждар Тәткеев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Брифингте айтылғандай, аймақта тұруға рұқсаты бар Ресей Федерациясының 4499 азаматы, оның ішінде 269 кәмелетке толмаған бала тұрақты тіркеуде тұр.

Биылғы жылдың басынан бері Ресей азаматтарына тұрақты тұруға 343 рұқсат берілді, сонымен бірге 57 ресейлік Қазақстан азаматтығын қабылдау туралы қолдаухат қабылдады, оның ішінде 10 қандас бар.

«Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Жасқайрат Еслямбековтың айьуынша, 26 қыркүйекте облыс бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына шетелдік азаматтың ЖСН алу үшін 508 өтініш беруші жүгінді.

Өтініштің басым бөлігі Көкшетау қаласында - 287, Бурабай ауданында - 73, Қосшы қаласында - 49 тіркелген.

«Көкшетау қаласының халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын сонар кезекті болдырмау үшін ЖСН беру бойынша қызметті Әуезов көшесі, 289 А мекенжайында орналасқан Көкшетау қаласының 1 бөлімінде ғана көрсету туралы шешім қабылданды, онда ЖСН алу үшін шетелдік азаматтардан өтініш қабылдайтын қосымша үш терезе айқындалды. Сондай-ақ, жеке электронды кезек пайда болды. Бұл шаралар қала тұрғындарының халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді кедергісіз алуы үшін қабылдануда», - деді Жасқайрат Еслямбеков.

Өтініш білдірген азаматтарды қабылдау үшін терезе санын арттыру жұмысы бүкіл облыста, атап айтқанда Бурабай ауданында, Степногор және Қосшы қалаларында жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Әлихан Смайылов құзырлы органдармен Ресейден келушілер санының артуын талқылаған еді.


Соңғы жаңалықтар