Ақмола облысы: Жастарды қолдау - басты назарда

None
None
КӨКШЕТАУ. Ақмола облысында жастарды қолдау мәселесіне үлкен көңіл бөлінуде. Бұл бағыттағы жұмыс жастарды мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді іске асыру есебінен жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік қолдау көрсету шаралары мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуда. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша 2020 жылы 6829 жас жұмысқа орналастырылды, оның ішінде бос жұмыс орындарына 4689 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 1071 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 139 адам, жастар практикасына 903 адам, жастар қатарынан 27 адам.

«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 519 адам оқуға жіберілді. Өз ісін ашуға және кеңейтуге 131 адам несие алды, жаңа бизнес-жобаларға 214 адам грант алды. Өңірде «Дипломмен ауылға» жобасы сәтті жүзеге асырылуда.

«Өткен жылы облыстың ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеу және тұру үшін келген әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің жас мамандарына 434 бюджеттік несие берілді, 627 адам көтерме жәрдемақы алды», - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасындағылар.

Ақмолалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында өткен жылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша 730 өтінім мақұлданды, оның 256-сы жас отбасылардан. Жастардың түрлі әлеуметтік жобалары да үлкен қолдау тапты, олардың басым бөлігінде еріктілер жылы аясындағы волонтерлік саласындағы жобалар бар. Өткен жылы өңірде волонтерлік қызметке 3000-ға жуық ерікті тартылды, Төтенше жағдай режимі кезеңінде тұрақты негізде 900-ден астам волонтер жұмыс істеді.


Соңғы жаңалықтар