Ақмола облысы су тасқынына дайындалып жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында көктемгі су тасқынының алудын алу мақсатында наурыздың 11-нен бастап, өңірдегі Есіл, Нұра, Жабай, Қалқұтан, Жыланды тәрізді өзендердің бетіндегі мұзды жару жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомвствоның мәліметінше, мұз жару жұмыстары наурыздың 17-не дейін облыстың Атбасар, Есіл, Сандықтау, Аршалы, Целиноград, Қорғалжын, Астрахан, Шортанды және Бұланды аудандары аумағындағы 70-тен астам учаскеде жүргізілетін болады.

«Облыс аумағында су тасқынының алдын алу мақсатында наурыз 11-17 күндері аралығында өзендердің бетіндегі мұзды бөлу, ұсақтау және бәсеңдету бойынша жарылыс жұмыстары жүргізілетін болады», - дейді Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Доспаев.

Атбасар ауданында су алу қауіпі бар тоғыз елді мекенде су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілді. Жабай және Есіл өзендеріне жақын орналасқан Полтавка және Самарка ауылдарындағы тұрғын үйлердің ауласы топырақ үйінділерімен нығайтылды. Өзен аңғары қамыс пен шөптен, су ағызатын нысандар қардан тазартылуда. Атбасар қаласында жалпы білім біру нысандары айнала құм салынған қаптармен қоршалды. Сонымен қатар, Сандықтау ауданында да су тасқынын болдырмау бағытында кең ауқымды алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Ақмола облыстық ТЖД дерегі бойынша өңірде төтенше жағдайды ескерту және жоюдың облыстық және өңірлік штабтары құрылып жұмыс істеуде. Облыстың елді мекендерінен 1 миллион 103,4 мың текше метр қар шығарылды. Су тасқынына 1 921 адам, 979 арнайы техника, 122 мотопомпа, 48 жүзу құралы дайындалды.

ҚР ІІМ бөлімшелерінде 524 адам, 111 арнайы техника, 12 жүзгіш құрал, 107 мотопомпа бар. Сондай-ақ, әр аудандағы департамент бөлімшелерінің 107 мотосорғысы су тасқыны қаупі мол аймаққа жіберіледі.

Бұдан бөлек, облыс аумағындағы су тасқыны күшейген кезде Төтенше жағдай комитетінің өзге өңірлердегі 814 адамды, 161 техниканы, 31 жүзу құралы мен қаржысын жағдайға қарай пайдалану қарастырылып отыр.


Соңғы жаңалықтар