Ақмола облысы: Ресейден әкелінген құс өнімдерінен ішек таяқшасы табылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бірқатар азық-түлік өнімдері талаптарға сәйкес болмай шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне сілтеме жасап.

Ішкі нарықты және облыс тұрғындарын сапасыз азық-түліктен қорғау мақсатында Ақмола облысының қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті тарапынан азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.

«Мониторинг шеңберінде ағымдағы жылдың қараша айында  тағам өнімдерінен 341 сынама алынды. Оның ішінде техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтін 56 сынама анықталды. Тағам өнімдерінің ішінде талапқа сай келмегендері тауық еті - 26,8 пайыз,  ет өнімдері - 25 пайыз, көкөніс өнімдері - 12,5 пайыз, сүт өнімдері - 8,9 пайыз, алкогольдік өнімдер - 8,9 пайыз, кондитерлік өнмідер - 5,5 пайыз, арпа - 3,5 пайыз, балалар өнімі - 3,5 пайыз, сондай-ақ, алкогольсіз сусындар, май өнімдері 1,8 пайыз болды», - деп түсіндірді ведомстводан.

Ең бастысы техникалық регламенттер талаптарының бұзылуы таңбалануда, бұл - 64,3 пайыз, қауіпсіздік талаптарына сай келмеу - 23,2 пайыз, құрамы және физикалық-химиялық көрсеткіштеріне - 12,5 пайыз болды.

«Ресей Федерациясында шығарылған құс өнімдері қауіпсіздік көрсеткіштеріне сай келмеді. «О.Ю. Смирнов»ЖК («Котлетный», «Рябушка» құс етінен жасалған жартылай фабрикаттар), «МПК» «Бройлерное производство» №2 участогі ЖАҚ (бройлер балапанының туралған еті) өнімдерінде микроорганизмдердің саны көп екені анықталды, сондай-ақ «ПРОДО Птицефабрика Сибирская» АҚ («Супчик по -домашнему» еті сылынған сүйек) өнімінен ішек таяқшасы бары анықталды. Ал Жарқайың ауданындағы «Огонек» дүкенінде алынған бұқтырылған сиыр етінен («МПК «Салют» (РФ) шошқа ДНК-сы табылды. Жапсырма қағазында өнімнің құрамында шошқа еті бары көрсетілмеген», - деп атап өтті департамент қызметкерлері.

Ведомствоның дерегі бойынша, СҚО шығарылған «Тамерлан» маркалы (ТД богатырский продукт «Север») және «Добрая» («Радуга»ЖШС) отандық фортифицирленген бидай ұнына жүргізілген зерттеу нәтижесі талаптарға сәйкес болмай шықты. 

Сонымен қатар, Ақмола облысы орталығында орналасқан "14" атауы бар дүкенінде мерзімі өтіп кеткен шұжық өнімдері сатылғаны анықталды.

«Техникалық регламенттер талаптарының бұзылуы анықталған барлық оқиға бойынша сатушыларға қатысты жоспардан тыс тексеріс қолға алынып, кемшіліктерді жою туралы жазба ескерту жолданды», деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетейік, облыс бойынша биылғы жылдың 11 айында құжатсыз және мерзімі өтіп кеткен өнімдерді тағамдарды сатқан 38 кәсіпкер жауапкершілкке тартылып, мемлекетке 889 мың теңге кіріс кірді. Әкімшілік сотқа 7 іс материалдары жолданды. Нәтижесінде сот кәсіпкерлерге 1 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Саудадан  142 келіден астам қауіпті өнім алынды. Оны 63,6 келісі шұжық, 39,7 келісі сүт, 26,5 келісі құс еті және 12,7 келісі балық өнімдері.

Осыған орай, Ақмола облысының қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті облыс тұрғындарын азық-түлік өнімдерін пайдаланған кезде сақ болуға шақырады. Өнімді сатып алмас бұрын оның маркировкасы, жапсырма қағазы, сыртқы түрі, құрамы, шығарылған күні, жарамдылығы мен сақтау мерзімі туралы білім алуға кеңес береді.  Егер де сапасыз өнімдер анықталған кезде дереу Ақмола облысының қоғамдық денсаулықты қорғау департаментіне 8 (7162) 26-55-84 немесе аумақтық басқармаларына хабарласуға болады.

Соңғы жаңалықтар