Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы орманды алқапты өрт шалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 13.32-де Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Новорыбинка ауылы маңындағы Құзған орманы «Кеңес» орман шаруашылығында шабындықтың өртеніп, тілсіз жаудың орман алқабын да шарпып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ТЖ комитетінің, орман шаруашылығының, авиаорман күзетінің күштері мен құралдары жіберілді. Өртті жоюға ҚР ІІМ ТЖ комитетінен 101 адам мен 19 өрт сөндіру техникасы, орман шаруашылығынан 33 адам мен 9 техника жұмылдырылды. Өртті сөндіруге жіберілген күштер мен құралдар тобы Көкшетау және Астана қалаларының өрт сөндіру машиналарымен күшейтілді. Өрт ауданына ҚР ІІМ ТЖ комитеті Азаматтық қорғау полкі жіберілді. Авиаорман күзетінің тікұшағымен оқиға орнын бойлай ұшып өту жұмысы жүргізілуде. Сағат 17.20-да ҚР ІІМ ТЖ комитеті «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы қосымша ұшты.

Сағат 18.30-дағы жағдай бойынша өрт алаңы шамамен 100 гектарды құрады.

Оқиға орнында жедел топ жұмыстар жүргізуде. ҚР ІІМ ТЖ комитетінің Республикалық дағдарыс орталығында өртті жою бойынша штаб ашылды. Өртті сөндіруге басшылық ету үшін өртке қарсы қызмет генерал-майоры С.Ғ.Әубәкіров ұшып барды.

Жалынды ауыздықтау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінен.

Соңғы жаңалықтар