Ақмола облысы әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ы арасында 11 меморандумға қол қойылды (ФОТО)

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысы әкімдігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ы арасында «Отандық тауар өндірушілерді Астана ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын салуға қатыстыру туралы» 11 меморандумға қол қойылды.

Өңірге жұмыс сапарымен барған «Астана «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ы басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтың айтуынша, аталған құжат жергілікті кәсіпкерлер үшін нағыз қолдау болмақ.

«Қазақстанның ең жаңа тарихында нақ мемлекеттік бағдарламалар өңірлік бизнесті аман қалып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын құрып, өндірісті ұлғайтуға көмектескен жағдайлар әлденеше рет орын алған. Бұған мысал ретінде «Бизнестің жол картасы-2020», «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын атап өтуге болады. Осынау қиын-қыстау кезеңде ЭКСПО да осындай қолдау көрсетіп отырған жоба ретінде танылып отыр. Барлық тапсырыстардың көбін өңірлерде орналастыруға ниеттеніп отырмыз», - деді шағын және орташа бизнес өкілдерінің алдында сөз сөйлеген Ахметжан Есімов.

Арнайы ұйымдастырылған көрмеде Ахметжан Есімов өнімнің сапасын өзі көріп, бағалау мүмкіндігіне ие болды. 20-дан астам тауар өндіруші компаниялар тарапынан Қазақстанның ең ірі құрылысына құрылыс нарығының кең сұрыпталымы мен жаңалықтары және қажетті материалдардың барлық дерлік сегменттері ұсынылды. Олардың арасында құм, кірпіш, қазандар, құбырлар, металл құрылымдары, өрт сөндіру құралдары, жылыту жүйелері, өлшеу аспаптары, темір бетон бұйымдары, ағаш бұйымдар, гранит, травертин бұйымдар, геотоқыма, тіпті кәдесыйлық сызғыш пен кеңсе шамдары бар.

ЭКСПО бас мердігерлері ықтимал жабдықтаушылармен болашақтағы бизнес әріптестігін Ынтымақтастық туралы меморандумдар мен нақты шарттармен баянды етті.

«АБК Кұрылыс-1» компаниясы автоклавты газды бетоннан блоктарды шығаратын зауыт - «Жаңа Сервис-2007» ЖШС-імен, қаптауыш керамикалық кірпіш шығаратын зауыт - «ENKI» ЖШС-імен және темір бетон бұйымдар өндірушісі - «РегионСтрой» ЖШС-імен үш ірі шарт жасады.

Кездесу аясында бірлесіп жұмыс істеу ниеті туралы 11 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, АФФ «Mabco construction s.a.» және құрылыс материалдарын шығаратын облыстың ең ірі бес кәсіпорны қатарына кіретін «Тыныс» АҚ өзара әрекеттесу туралы келісімге келді. Мұның үстіне, «Mabco construction s.a.» табиғи тастан құрылыс бұйымдарын жасауға маманданған «Тұрмыстық химия зауыты» ЖШС-імен және «Интергранитстрой» ЖШС-імен жұмыс істеуге дайындығын білдірді.

Сонымен қатар, осындай келісімдерге «Turkuaz YDA Stroy» ЖШС Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен және «Сапа су» ЖШС-імен қол жеткізді.

«Сембол Иншаат» АҚ ақмолалық «Бошан» ЖШС-імен (күйдірілген кірпіш өндіру), «ЦентрПласт» ЖШС-імен (металл құрылымдарын өндіру), «Башан», «ИнтерГранитСтрой» және «Көкше» АҚ-ымен (электр санауыштар мен металл құрылымдарды шығару) меморандумдарға қол қойды.

«СК «Базис» ЖШС «Торговый дом» Степногор құбыр зауыты «Арыстан» ЖШС-імен жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Еске сала кетсек, облыстармен жасалып, қол қойылған меморандумдар аясында 2015 жылдың 1 қыркүйегінде ЭКСПО-2017 нысандарын салуға 159 отандық тауар өндіруші жалпы сома 21,1 миллиард теңгеге қатыстырылып отыр. Меморандумдардан тыс 22 отандық кәсіпорын жалпы сома 1,122 миллиард теңгеге қатыстырылды, соның ішінде Ақмола облысы бойынша 16 кәсіпорын 456 миллион теңгеге (ЭКСПО-2017 нысандарын салуға жалпы алғанда 181 отандық кәсіпорын қатыстырылып, жалпы сома 22,2 миллиард теңгеге шарттар жасалған).

Сонымен қатар, компания Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының әкімдіктерімен, сонымен қатар Астана қаласының әкімдігімен отандық тауар өндірушілерді қатыстыру туралы меморандумдар жасасқан.

Соңғы жаңалықтар