Ақмола мешіттері мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетіп тұрады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының мешіттері биыл мұқтаж отбасыларға 9 миллион теңгеден астам қаржылай көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Науан хазірет атындағы Ақмола облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бұл 9 миллион 243 мың теңгеден астам қаржы облыстағы мешіттерге жәрдем сұрап келген 648 отбасыға үлестірілген. Бұдан бөлек, Құрбан айт және басқа да кездерде бас-аяғы 4 мыңнан астам отбасыға 25 тонна ет таратылған. Ал, күз бен қыс айларында әлеуметтік жағдайы төмен 63 отбасыға 1 миллион 400 мың теңгенің отын-көмірі сатып әперілген. Сонымен қатар, аймақ мешіттері соңғы жылдары республикалық «Мектепке жол» акциясына да елеулі үлес қосып келеді.

«Биылғы жылы 800-ден астам оқушыға оқу құралдары салынған сөмкелер үлестірілсе, 147 балаға мектеп формасы сатып әперілді», - дейді Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қуаныш Сәбит.

Соңғы жаңалықтар