Ақмола кәсіпкерлерінің 90 пайыздан астамы онлайн бақылау-кассалық машинаға ауысты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы кәсіпкерлерінің 90 пайыздан астамы онлайн бақылау-кассалық машинаға ауысты.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әлия Утекина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

2020 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап, қолма-қол ақшамен есеп айырысатын кәсіпкерлер онлайн бақылау-кассалық машинаға ауысуы тиіс. Бұл жерде ғаламтор торабынан тыс жерлердегі салық төлеушілерге талап қойылмайды.

«Бүгінгі таңда облыстағы бизнес өкілдерінің 90 пайыздан астамы онлайн бақылау-кассалық машина сатып алды. Мұндағы аппаратының құны 60 мың теңге шамасында. Жалпы, 2019 жылдың соңына дейін барлығы 660 түрлі қызмет түрі онлайн бақылау-кассалық машина арқылы жүзеге асырылуы тиіс», - дейді Ә.Утекина.

Басқарма басшысы ағымдағы жылы онлайн бақылау-кассалық машина сатып алып, арнайы салық жүйесін қолданатын кәсіпкерлерге арналған жеңілдіктерге тоқталды.

«Бизнес құрылым өкілдерінің осы санатына салық төлеу кезеңінде жеке кіріс салығын азайту түрінде жеңілдіктер қарастырылған. Оның көлемі бір кассалық аппарат құны 60 мың теңге шамасында жəне салынған салықтың 50 пайызынан аспауы тиіс. Салық кодексінде үш компоненті біріктірілген жүйені сатып алу үшін жеке кіріс салығы сомасын азайту қарастырылған. Ол жыл бойына салынған салықтың 50 пайызынан аспауы тиіс. Үш компоненті біріктірілген жүйесі - онлайн бақылау-кассалық машина, қолма-қол емес төлемдер жасайтын құрылғы (POS-терминал), сондай-ақ, тауарларды есепке алудың автоматтандырылған жүйесінен (ERP-жүйесі) тұрады. Аталған жүйе жеке кәсіпкерлердің салықтық міндеттемелерін орындауға және есепке алуды жеңілдетеді. Бұл жағдайда жеңілдіктер 2019 жылдан 2021 жыл бойы күшінде болады», - деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы аумағында рұқсат етілген онлайн бақылау-кассалық машинаның баламасы туралы да айтты. Бұл онлайн-касса web нұсқасының қосымшасы. Осы ретте, салық төлеушінің өзіне қажетті касса моделін таңдауда құқығы бар.

Соңғы жаңалықтар