Ақмола халқының 99 пайызы денсаулық саласындағы электронды құжатпен қамтылған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы халқының 99 пайызы денсаулық саласындағы электронды құжатпен қамтылған. Бұл туралы аймақ басшысы Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыста биылғы көктемгі дала жұмыстарын өткізудің қорытындысы және денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселелері қаралды.

Ақмола облысы бойынша денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова өңірдегі медициналық мекемелердің 97 пайызы медициналық ақпараттық жүйемен қамтылғанын атап өтті. Осы жүйе арқылы науқастар 1,1 миллион рет өңірдегі медициналық мекемелерге жүгінген. Қазіргі кезде 755 690 денсаулық электронды құжаты (99 пайызы) қамтылған.

DamuMed мобильді қосымша арқылы 13 431 белсенді ақмолалық интернеттің көмегімен дәрігердің қабылдауына жазылған немесе дәрігер шақыртқан.

Жыл соңына дейін облыстағы медициналық мекемелердің барлығы интернетке қосылса, қыркүйек айына дейін толықтай электронды форматта құжат алмасуға көшетін болады.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарын  өткізудің қорытындысы бойынша  облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Азамат Сағынбаев хабарлама жасады. «Ауа райының жауынды-шашынды болғандығына қарамастан егіс жұмыстары ойдағыдай жүргізілді»,- деді ол өз сөзінде. «Биыл 4743,8 мың гектар алқапқа жаздық бидай, соның ішінде 4314,4 мың гектарға дәнді және дәнді  бұршақ дақылдарын себу жоспарланса, сол егіс көлемінің барлығына да тұқым өз уағында себілді. 258,4 мың гектарға майлы дақылдар себу жоспары да толық орындалды».

Басқарма басшысы науқанның уақтылы жүргізілуіне шаруалардың ширақ қимылы мен жанар-жағармай және ауыл шаруашылығы техникалары дайындығының арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. Ендігі кезекте шаруалар топырақтың құнарлылығы мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімін арттыруда минералды тыңайтқыштарды қолдану, арамшөптер және өсімдік зиянкестерімен күреске дайындықты осы бастан қолға алмақ. Оған қоса, мал азығын әзірлеу үшін машина-трактор паркі де жаңара түспек.

Айта кету керек, 2018 жылы мемлекет тарапынан облыстағы агроөнеркәсіп кешені саласын дамыту үшін субсидия ретінде 30 миллиард теңге қаржы бөледі.

Соңғы жаңалықтар