Ақмола фермерлеріне заманауи ветеринарлық технология қолжетімді болады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында екінші ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жолы екінші ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы Ақкөл ауданының «Еңбек» ЖШС базасында ашылып отыр. Жобаны өңірлік кәсіпкерлік палатасы мен Ақмола облысы сүт өндірушілері қауымдастығы бірлесіп жүзеге асыруда.

«Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда орта есеппен 4105 келі сүт сауылады екен. Дегенмен, республикада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырған компаниялар баршылық. Мұндайлар санаулы ғана. Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бұл проблеманы зерттей келе, өнімділікті арттырудың басты тетігі - жүйелілік пен дұрыс агроқұзыреттілік екеніне көз жеткізіп отыр», - деп айтты ведомстводан.

Бұл мәселені шешу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасының бастамасымен биылғы сәуір айында Украинаның «Dairy Global Experts» компаниясы сарапшы мамандарын тарту арқылы Зеренді ауданының «Жақсылық agro» ЖШС базасында алғашқы ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған болатын.

Мұндағы мақсат – еурпалық деңгейде бірыңғай ветеринарлық қызмет көрсету және су өндірісі саласында инновациялық технологияны енгізу. Орталыққа Зеренді ауданындағы жалпы 2 мыңнан астам ірі қарасы бар 5 тауарлы-сүт фермасы еніп отыр.

«Ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы ашылған үш айдың ішінде фермаларда күнделікті жұмысқа бейімделген, ветериналық жұмыстардың қажетті циклы енгізілді. Қолға алынған шаралар қазіргі замаңғы диагностикалық аппарат арқылы жануарлардың ауруын анықтауға және емдеуге мүмкіндік берді. Апталық жүйеде жұмыстың технологиялық картасы әзірленді, жануарларды азықтандыруының толық рационы жасалды. Фермалардың олқы тұстарын анықтайтын аудит жүргізілді. Ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығы жұмысының басты мақсаты – кәсіпорындардың өнімділігін арттыру», - дейді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков.

Көптеген фермерлердің ветеринарлық қызметке қолжетімділігі мәселесі әлі күнге шейін ашық күйінде қалуда. Сол себепті, Ақкөл ауданының «Еңбек» ЖШС базасында ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығын ашу қолға алынды. Орталықтың ашылуы жақын маңдағы сүт өндірісімен айналысатын фермерлерге қазіргі заманғы ветеринарлық қызметке қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

«Келешекте фермерлер агроқұзыреттілігін арттыру және ветеринарлық қызметтің барлық түрін алу үшін ветеринарлық оқыту және қызмет көрсету орталығын облыстың өзге аудандарында да ашу жоспарда бар», - деп толықтырды өңірлік кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.


Соңғы жаңалықтар