Ақмола диқандары күзгі егін орағына кірісті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының диқандары күзгі егін орағы науқанына кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегі бойынша, бүгінгі таңда Жарқайың мен Целиноград аудандарының диқандары ерте пісетін егін алқабын дестеге түсіре бастаған.

Еске сала кетейік, биылғы жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабы 4750,4 мың гектарды құрайды. Оның 4323,2 мың гектар алқабына дәнді және бұршақты дақылдар, 257,2 мың гектарына майлы дақылдар егілген. Сондай-ақ 18,3 мың гектар жерге - картоп, 4,3 мың гектарға көкөніс отырғызылды.

Облыс бойынша егістік алқаптарын арамшөптен, зиянкестер мен ауыл шаруашылығы дақылдары ауруларынан қорғау толық қамтамасыз етілді. Бұл биылғы жылғы астықтың көлемі мен сапасына оң ықпалын тигізеді. Ағымдағы жылы парларды бірінші және екінші өңдеу жұмысы 675,7 мың гектар алқапта жүргізілді. 424,9 мың гектар алқап үшінші рет, оның 58,8 мың гектары химиялық әдіспен өңделді.

Ағымдағы жылғы егін орағында астық жинайтын 8668 комбайн, оның ішінде қазіргі заманғы өнімділігі жоғары 2658 комбайн пайдаланылады. Бұл комбайндардың бәрі орақ жұмысына дайын. Қолда бар ауыл шаруашылығы техникалары мен егіс алқаптарын есепке алсақ, бір комбайн 500 гектар алқаптың астығын жинауы тиіс. Бұл облыстағы егін орағы бойынша тәулік өнімділігін 170 мың гектарға жеткізіп, орақ жұмысын 25 күнде аяқтауға мүмкіндік береді. Облыс бойынша дестелегіштер саны 2466 құрайды. Дестелегіштер, 4763 жүк авткөлігі мен 7674 трактор тіркемесі егін орағы жұмысына шығуға толық дайын.

Сонымен қатар, күзгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін қажетті 75,9 мың тонна көлемде дизель отыны, 4,7 мың тонна дизель майы және 6,9 мың тонна автокөлік бензині жеткізілуде. Бүгінгі таңда 50 мың тонна дизель отыны, 4,7 мың тонна дизель майы және 6,9 мың тонна бензин тасымалданып, алынды. Өңірдің орақ жұмыстарына 70 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінді.

Ал алынған өнімді сақтау мәселесіне келетін болсақ, биыл оны 62 астық қабылдау кәсіпорны жүзеге асырады. Бұл элеваторлар мен қоймалар 4,1 миллион тонна астық сақтай алады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1,9 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар бар. Өңірдің астық қабылдау кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінде тәулігіне жалпы 100 мың тоннадан астам 229 астық кептіргіш жұмыс істемекші. 

Соңғы жаңалықтар