Ақмола дәріханаларында дәрі мен медицина бұйымдарының бағасы тұрақты

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында дәріханаларға жүргізілген мониторинг дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарға шекті бөлшек сауда бағаларының артқанын анықтаған жоқ, сондай-ақ өңір қажетті мөлшерде дәрілік препараттармен қамтамасыз етілгенін көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

«Nur Otan» партиясы Ақмола өңірлік филиалының партиялық бақылау комиссиясы Ақмола облысы фармацевтикалық ұйымдары қауымдастығының, Ақмола облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілдерімен бірлесіп, Көкшетау қаласының дәріханаларына Covid-19 және пневмонияның инфекциялық аурулары кезінде дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық-партиялық мониторингті іріктеп жүргізді.

Нәтижесінде дәріханалық пункттер ірі желілік дәріханалардан айырмашылығы дәрігерлердің рецептісіз берілетін бірінші кезектегі қажетті дәрілік препараттармен қамтамасыз етілгені анықталды. Сонымен қатар, маскалар, антисептиктер, термометрлер мен қолғаптар бар.

Ақмола облысында «Атамекен» ҰКП сұранысқа ие дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды есепке алудың бірыңғай «GOOGLE диск» нысанын құрды. Ол 213 атауды қамтиды және бөлшек сауда желісінде және облыстың көтерме қоймаларында дәрілердің бар болуы мен қалдығын мониторингілеу үшін қызмет етеді. «GOOGLE диск» 114 нысан бойынша фармацевтикалық қызметтің 80 субъектісінің дәрілік заттары бойынша ақпарат ұсынады.

Бүгінгі күні облыс бойынша вирусқа қарсы, ыстықты түсіретін және басқа да препараттар жеткілікті.

Бұған дейін мемлекеттік комиссия бір реттік медициналық маскалардың шекті бағасын белгілеген болатын. Бүгінгі таңда бөлшек сауда кезінде ол 60 теңгеден аспауы керек. Бұл медициналық өнімдерді өндіруге арналған шикізаттың қымбаттауы аясында халықтың шығындарын азайтуға, сондай-ақ елдегі төтенше жағдай кезінде алыпсатарлық фактілерінің алдын алуға көмектеседі.

«Google Drive» ұсынған ақпаратқа сәйкес, бүгінде облыстың дәріхана қоймаларында 266 мыңнан астам медициналық маска, 4514 медициналық қалпақ, 5816 жұп нитрилді латекс қолғап және 20352 бахил бар.

Соңғы жаңалықтар