Ақмола әкімі журналистер үшін гид қызметін атқарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бурабайда туризмді дамыту жобаларын таныстыруға арналған баспасөз туры барысында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин БАҚ өкілдеріне Бурабайдың туристік орындарына саяхат ұйымдастырып, гид қызметін өзі атқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Щучье-Бурабай курортының басты PR менеджері ретінде Мәлік Мырзалин журналистер мінген автобуста «Бурабайға қош келдіңіздер, бүгін облыс әкімі қызметінен бөлек, сіздерге арналған саяхатта өзім жетекшілік етемін», - деп бастады сөзін облыс басшысы.

«Сіздерге туризмді дамытуда қандай жұмыстар жасалынып жатыр, болашаққа қандай жоспарлар барын айтып, көрсеткіміз келеді. Әрине проблемада жоқ емес, ол  проблемаларды біз білеміз», - деп толықтырды өз сөзін.

Оның айтуынша, Бурабай кентінде аумағы 14 га жерді қамтитын жаңа мөлтекаудан құрылысы басталды, сонымен қатар кенттің орталық алаңы мен көшелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан 2 аллея салынды және қалдықтарды сұрыптайтын заманауи контейнерлер қойылды.

«Орталық көшелерде жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілері салынды, бұрын болмаған, соның әсерінен жолда оқыс оқиғалар жиі орын алатын, қазір айтарлықтай тыйылды, бұл алдымен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі», - деді өңір басшысы.

Гид алдымен орталық алаң және туристік орталықпен таныстырды. Онда өлкетану және табиғат музейі, хайуанаттар саябағы мен хайуанаттарды тамашалау бұрышы, кәдесый дүкендері, ойын-сауық орталықтары орналасқан.

Сол сияқты туристерге арналған тегін жол картасы мен терминал қарастырылған. «Болашақта хайуанаттар саябағын сафари-саябақ ретінде аясын кеңейту жоспарда бар», - деп толықтырды облыс әкімі.

Одан әрі саяхат көл жағалауына қарай жалғасты. Көл жағасына ағылшын инвесторлары 10 су сырғанақтан тұратын төбешіктен тұратын үсті жабық аквасаябақ салуда. Құны 200 млн теңгені құрайтын аквасаябақты 2019 жылы аяқталады деп көзделіп отыр.

«Келісім оңайға түспеді, себебі инвесторлар ашық аспан асты аквасаябағын тұрғызғысы келді, ал бізге туристер үшін аквасаябақтың жыл бойы жұмыс істегені тиімді», - деді М.Мырзалин.

Сөз арасында аймақ басшысы көл жағалауында тегін және ақылы жағажайлардың барын айтып, бағасы 500 теңгеден басталатынын және оның ішіне бірнеше қызмет түрінің кіретінін тілге тиек етті.

Одан әрі әкім журналистерге серуен ретінде Бөлектаудың биік жеріне шығуды ұсынды. Таудың биік тұсынан жаяу шыққан журналистер Бурабайдың ең ғажайып көрінісін тамашалауға мүмкіндік алды.

Саяхат соңы Бурабайдағы 4 жұлдызды «Park House» қонақ үйінің аспан асты террасасында Бурабайда туризмді дамытуда жүзеге асырылатын басты жобаларды таныстыруға арналған баспасөз мәслихатына ұласты. 

Айта кету керек, облыс әкімі саяхат барысында курортты аймақтағы уақыт созбай шешімін табуы тиіс бірқатар проблемаларғада тоқталып өтті. Соның бірі әжетхана мәселесі «Көбісі әкім бұндай ұсақ-түйек мәселемен айналыспауы тиіс деп сынап жатады. Мен ол оймен келіспеймін, керісінше айналысуы керек», - деді әкім.

Ақмола басшысы әжетхана мәселесін бекер көтермеді, себебі халық арасында және әлеуметтік желілерде жиі қозғалатын тақырып. Әсіресе «Астана-Бурабай» тасжолы бойындағы әжетханалар мәселесі күні бүгінге дейін сынға ұшырап келді. Бүгінде тасжол бойында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының республикалық жобасы аясында салынған «Kazway» павильоны іске қосылған. Оның ішінде дәмхана, дүкен, әжетхана, телефон қуаттайтын құрылғы, wi-fi, автотұрақ, басқада жолаушыға қажеттінің бәрі бар. Бір павильонның құны 22 млн теңгені құрайды және ол шағын кәсіпкерлерге жалға берілуде. Ақмола облысы бойынша 6 павильон бар, оның 4-і тасжол бойында, 2-і Бурабай курортында орналасқан. Бұдан бөлек Бурабайдың өзінде еуропалық стандартқа сай, вандалдардан қорғау модулі бар заманауи үш әжетхана қойылды, алдағы уақытта олардың санын 11-ге жеткізу қарастырылуда.

Бұған дейін айтқанымыздай баспасөз туры барысында облыс әкімі халық арасында жиі  айтылып жүрген Бурабайда демалу Түркиямен салыстырғанда неге қымбат деген журналистердің сұрағына түсініктеме берген болатын. 

Сонымен қатар, аймақ басшысы жұмыс бабымен Бурабайға жиі келгенімен демалудың сәті түсе бермейтінін айтты.

Қорытындылай келсек Бурабай курортына демалуға келетін туристердің саны жыл санап артуда, өткен жылы 850 мың турист келсе, биыл бұл көрсеткіш тағы 50 мыңға артады деп күтілуде. 

Соңғы жаңалықтар