Ақмола әкімі жұмыс бабымен Целиноград ауданында болды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, аудан тұрғындары әлеуметтік желілерде көтерген бірқатар проблемалық мәселелерімен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл көктемде Есіл өзенінің орталықтандырылып бағытталған арнасының болмауына байланысты, еріген қар суы елді мекендерді су басу қаупін төндірді. Қарғын су Ақмешіт және Родина ауылдарының арасындағы жолды басып қалды. Бұған қолданыстағы су құбырлары су көлеміне төтеп бере алмады. Қазір үшжақты меморандумның шеңберінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Онда көпір құрылысы, өзен арнасын түзету және жарық орнату бойынша жұмыстар қамтылған.

«Бұл стратегиялық маңызы бар жол қатынасы. Жобаны сараптамаға тапсыру жұмысын тездету қажет. Көпір салу үшін қаражат іздестіретін боламыз», – деді учаскені қарап шыққан облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Қарамеңді батыр ауылында негізгі мектеп ғимараты 1965 жылы салынған. Бұл бейімделген үй-жай, онда бұрын балабақша болған. Жобалық қуаты 70 оқушыға арналған білім ошағында үш ауысымда 146 бала оқып жатыр. Халық саны өсуін ескере отырып, жаңа мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленген.

«Балаларға тиісті жағдай жасалмаса, оқу сапасы туралы қалай айтуға болады. Қысқа мерзім ішінде конкурс жариялаңыздар»,– деді өңір басшысы аудан әкімі Малғаждар Тәткеевке.

Арайлы ауылында 300 орындық мектеп салынып жатыр. Жобаның құны – 758 миллион теңге. Құрылысты жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда.

«Құрылысшылар белгіленген мерзімде жұмысты аяқтайтынына күмәнім бар. Әрбір күнді барынша тиімді пайдалану қажет. Ал сіздерде бар-жоғы 25 адам жұмыс істеп жүр, олар шатырмен айналысуда. Жұмыс барлық жерде жүргізілуі тиіс. Жұмысшылардың бір бөлігі абаттандырумен, басқасы әктеу және басқа да жұмыс түрлерін атқаруы үшін олардың санын көбейтіңіздер», – деп Ермек Маржықпаев мердігерден талап етті және аудан әкімдігіне орындалып жатқан құрылыс-монтаждау жұмысының сапасын күнделікті бақылауына алуды тапсырды.

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қосшы ауылында 1 200 орынды жаңа мектептің құрылыс алаңында болды.

«Білім беру мекемесінің құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында. Биыл 800 миллион теңге қаржы бөлінді. Жоспарланған қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз ету және объект құрылысының сапасына ерекше назар аудару қажет», – деп өңір басшысы Малғаждар Тәткеевке тапсырма берді.

Сондай-ақ, Ермек Маржықпаев «Чистые пруды» саябақ алабын сумен жабдықтау мәселесін шешу бойынша тапсырма берді және кентішілік жолдардың ахуалын тексерді. Қосшыда ұзындығы 14,4 шақырым болатын 11 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған бюджеттен 403 миллион теңге бөлінді.

Талапкер ауылында Бейбарыс көшесі бойынша 800 метрлік учаскеде жол жамылғысы қалпына келтірілді, бұдан кейін су өткізу құбырлары орнатылып, асфальт төселеді. 2015 жылы бұл жерде күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Алайда, жерасты суы және жауын-шашын әсерінен жол бұзылды.

Ынтымақ ауылында жалпы сомасы 604,2 миллион теңгеге 8,3 шақырым жолдарды күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім қаралуда.

Сонымен қатар, Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел Президентінің АӨК дамыту бойынша қойылған міндеттері шеңберінде облыс әкімі «Green Star» агрофирмасы» ЖШС жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен танысты.

Соңғы жаңалықтар