Ақмола әкімі Зеренді ауданының егістік алқаптарын аралап көрді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Зеренді ауданында егістік алқаптарды аралап, «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асырылуы барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында аймақ басшысы Зеренді ауданының Ақкөл ауылдық округінде болып, тұрғын үй құрылысы аумағында инженерлік коммуникация жүйесін тарту жұмыстарына назар аударды. Ақкөл ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жалпы аумағы 20 гектар болатын 170 жер телімі берілген.

Бүгінгі күні мұнда электр жарығы тартылуда. Келісімшарт бойынша бөлінген 180 миллион теңгенің, 120 миллионы игерілген. Келер жылы су құбыры тартылады. Бұл жұмыстар аяқталғаннан соң жер телімдері жеке тұрғын үй салу үшін баспана кезегінде тұрған адамдарға беріледі.

Аймақ басшысы Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәліповке құрылыс алаңына инженерлік желіні тарту жұмыстарын уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды.

«Жұмыс сапалы жүргізілуі керек», - деді Ермек Маржықпаев.

Бұдант әрі облыс әкімінің сапары «Берекет-2050» шаруашылығының егістік алқаптарына жалғасты. Шаруашылық 5 мың гектар алқапта бидай, арпа, рапс, зығыр тәрізді дақылдарды еккен. Бұрындары тастанды болған алқапта бүгінгі күні жайқалып егін өсіп тұр. Шаруашылық қатарынан екі жыл егін шаруашылығымен айналысады.

«Арпаны жығу жұмыстарын аяқтадық. Шығымдылығы жаман емес, әр гектарыннан 25-28 центнерден өнім алынатынын болжап отырмыз. Ал бидайдан 25-28 және 30 гектарға дейін өнім алынатыны күтілуде. Топырақты өңдеуде No-till технологиясын қолданамыз», – дейді серіктестік директоры Яков Савченко.

Шаруашылық жұмысына көңілі толған аймақ басшысы қоңыр күзде мол өнім алуларына тілектестігін білдірді.

Сонымен қатар, облыс әкімі Уәли хан мазарында болды. Тарихи нысанның аумағын жергілікті меценат, «Берекет - 2050» ЖШС басшысы Борис Козлов 10 миллион теңге қаржы бөліп, абаттандырған. Осы ретте, аймақ басшысы киелі орынға жол құрылысын жүргізу мәселесін талқылады.


Соңғы жаңалықтар