Ақмарал Науатбек парадзюдодан Гран-при жарысында жеңімпаз атанды
2022 жылғы 29 мамыр 18:52

Ақмарал Науатбек парадзюдодан Гран-при жарысында жеңімпаз атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында парадзюдодан Гран-при жарысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, әлемдік деңгейдегі жарыс Мәдениет және спорт министрлігі, Ну-Сұлтан қаласы әкімдігінің және «Sport Qory» спортты қолдау қорының қолдауымен ұйымдастырылды.

Екі күнге созылған айтулы додаға 22 елден 201 спортшы қатысып, бақ сынады.

Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте Бразилия, Түркия және Иран елдерінен кейін төртінші орынға табан тіреді.

Парадзюдодан жарысқа қатысатын спортшылардың екі санаты болады – J1 және J2. Бірінші санаты – зағип спортшылар, екіншісі – көзі нашар көретіндер.

Алғашқы күні J2 санаты бойынша 48 келі салмақ дәрежесінде елордалық Ақмарал Науатбек жеңіске жетті. Ақмарал барлық қарсыласын иппонмен жеңді.

Бұл – оның паралимпиадалық дзюдодан бірінші халықаралық жарысы.

А.Науатбек өткен жылға дейін дзюдо бойынша күресіп, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрді.

Әйткенмен 2021 жылы жаңа маусым қарсаңында медициналық бақылаудан өткенде, мамандар көзінің нашар көретінін және дзюдо бәсекесіне жіберілмейтінін жеткізіп, спорт мансабын пара бойынша жалғастыруға кеңес берген.

Жыл басында ол Қазақстан чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген еді. Гран-при алдында IBSA мамандары тағы да тексеріс жүргізіп, 2 жыл парадзюдодада күресуге рұқсат берген.

Осы Гран-при бәсекесінде жеңімпаз, жүлдегерлерге дзюдодағыдай рейтингтік ұпайлар үлестіріледі. Сөйтіп, Ақмарал парадзюдодан алғашқы әлемдік жеңісіне қол жеткізді.

«Енді келесі тексеру Париж паралимпиадасы қарсаңында болады» дейді спортшы.

Сондай-ақ Ерғали Шәмей 73 кг (J1) және Олжас Оразалы 73 кг (J2) салмақта күміс, Даяна Федосова (57 кг, J2) қола медальға ие болды.

Жарыстың екінші күнінде бірден 5 қазақстандық спортшы, атап айтқанда, Жанбота Аманжол (90 кг, J2), Дулат Бөгенбаев (+90 кг, J2), Бауыржан Арыстанбеков (90 кг, J1), Ерлан Өтепов (+90 кг, J1), Ерлан Қонкиев (+90 кг, J2) қола жүлде үшін күресті. Осылардың ішінен Ж.Аманжол мен Б.Арыстанбеков қана үздік үштікке ілікті.

Айта кетейік, Токио паралимпиадасында қазақстандық парадзюдошылар үш күміс жүлдені жеңіп алған болатын.

Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT