Ақмарал Әлназарова балалардың онкологиялық ауруларын емдеудегі күрделі мәселелерді көтерді

None
Фото: shutterstock.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған сенатор Ақмарал Әлназарова балалардың онкологиялық ауруларын емдеудегі күрделі мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның дерегінше, еліміздегі балаларға арналған онкологиялық орталықтарда пациенттерге орын жетіспейді. 130 төсекте бір уақытта 150 немесе одан да көп балалар және баланың заңды өкілдері жатуы мүмкін.

«Педиатрия орталығында пациенттер өлімінің негізгі себебі химиотерапия кезеңдеріндегі септикалық асқыну болып қалып отыр. Арнайы төсектің тапшы болуы және күндізгі стационардағы орындардың аздығы пациенттердің тым көбейіп кетуіне әкеледі және стационардағы эпидемиологиялық жағдайды нашарлатады. Бұл пациенттердің иммундық жүйесіндегі қорғаныс күшінің мүлдем тапшылығы аясында қолайсыз болып отыр. Медициналық желдету жүйесінің, қабырға мен төбелердің бактерияға қарсы өңделетін жабындысының, зарарсыздандырылған бактериялық бокстардың болмауы жағдайды қиындата түсуде», - деді Ақмарал Әлназарова Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор пациенттерді толыққанды және сапалы емдеу үшін орын жетіспеушілігі мен медициналық жабдықтардың тозуына байланысты мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті.

«Педиатрия орталығының медициналық паркіндегі жабдықтардың 70 пайызы әбден тозған. МРТ, компьютерлік томограф, ультрадыбысты аппараттар, қызмет ету мерзімі 25 жылдан асатын рентген қондырғысы техникалық және моральдық тұрғыдан ескірген. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жанындағы 200 төсектік балалар онкогематологиясының жеке корпусын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірлеуге қаржы бөлуді жеделдетуді сұраймын. Сондай-ақ еліміздегі жетекші педиатрия орталығының медициналық жабдықтар паркін қосымша жабдықтауға және жаңартуға жәрдемдесу керек», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар