Аққулы ауданынан 400-ге жуық адам көшіп кеткен - Павлодар облысы

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Аққулы ауданы халқының саны 12500 адамды құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде «Аққулы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Ернұр Әйткенов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Демографиялық жағдайға келсек, бізде 423 адам көрсеткішімен теріс сальдо көрініс табуда. Ауданда туған адамдар мен аудан аумағынан шыққандарды есептегенде жағдай осындай болып тұр. Жалпы аудан халқының саны 12500 адам»,- дейді Ернұр Әйткенов.  

Ресми статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларында аудан аумағынан 703 адам кетіп, 403 адам келген. Осы аралық ішінде ауданда 156 сәби дүниеге келген. Былтыр бұл көрсеткіш 173 адамды құраған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша Аққулы ауданына оңтүстік өңірлерден 35 отбасы және оралмандардың екі отбасы, жалпы 157 адам көшіп келген. Олардың арасында дәрігер, мұғалім, механизатор, жүргізуші секілді мамандық иелері бар.

«Қоныс аударушылардың 49-ы жұмыспен қамтылып, 20 адам кәсіпкерліктің негіздері бойынша білім алды, үш адамға шағын несие берілді. Көшіп келген отбасылардың арқасында ауданның білім беру мекемелері 80 баламен толықты», - деді Ернұр Әйткенов.

 Қоныс аударушыларға мемлекеттен бөлінетін субсидиялармен бірге, облыс басшылығының тапсырмасымен оңтүстіктен көшіп келгендер мен оралмандарды қысқы уақытта көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынды. Бүгінде 13 отбасы қатты отынмен қамтылды және бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге, 2018 жылы «Дипломмен - ауылға!» бағдарламасы бойынша ауданға 30 жас маман келіп, 27-сіне 70 АЕК көлемінде көтермеақы төленіп, 20 маманның баспана сатып алуына 51,6 миллион теңгелік бюджеттік несие берілді. 

Соңғы жаңалықтар