Аққулар қырылған Маңғыстауға құс тұмауына қарсы 18,6 мың доза вакцина жолданды

None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстау облысына құс тұмауына қарсы вакцинаның 18,6 мың дозасы жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, Маңғыстау облысының Ақтау қаласынан 20 шақырым жерде, Қаракөл көлінің жағасында аққулар жаппай қырылған болатын.

Кейіннен мамандар Қаракөлде аққулардың қырылуына қатты аяз себеп болуы мүмкін екенін айтты.

Кеше Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Маңғыстау облысында аққулардың жаппай қырылуына құс тұмауы себеп болғанын мәлімдеді.

Комитет шұғыл шараларды жүргізу және үй құстарының арасында инфекция таралмас үшін республикалық қордан қауіп төнген аймақтардағы барлық үй құстарын вакциналау үшін 18 644 доза вакцина бөлді.

Сондай-ақ өңірге республикалық эпизоотияға қарсы отряд мамандары жұмылдырылды.

Жергілікті атқарушы органдар жоғары патогенді құс тұмауы бойынша тұрақты эпизоотиялық жағдайды сақтау мақсатында шаруашылық жүргізуші субъектілер, ветеринариялық дәрігерлер, аңшылар, қорықшылар, тұрғындар және басқа да мүдделі тұлғалардың (құстары бар) арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Құс фабрикалары жабайы және синантропты құстардың жем-су қоймалары мен құстарды ұстайтын ғимараттарға жақындауына жол бермеу үшін ветеринариялық іс-шараларды күшейтеді.


Соңғы жаңалықтар