Ақкөлде Сәдібек Түгелді қолдау мақсатында асық атудан турнир өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Ақкөл қаласында ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдерінің қатысуымен асық атудан турнир өткізілді. Бұл туралы кандидаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы агротехникалық колледж студенттері арасында асық атудан турнир өтті. Халқымыздың ұлттық ойын түріне жататын асық ату сайысында жиналған жастар өзара шапшаңдық пен дәл атып тигізуден шеберлік көрсетті.

«Бұл ойын түрі UNESCO мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін айта кетуіміз керек. Ұлттық ойындарымыздың бәрін тек сайыс үшін ұйымдастырмау керек, ол біздің ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу, ата- баларымыздан келе жатқан салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, қастерлей білуге үйретеді. Біздің ата- әжелеріміз де асық ойнаған, алдыңғы буыннан өскелең ұрпаққа дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығын көрсететін дүние деп айтуға болады. Ұлттық ойындарымызды жаңғырта білсек,бұл біздің өткенді ұмытпағанымыздың белгісі. Ұрпақ бойына асыл қазыналарымызды ұлттық тәрбие арқылы сіңіре аламыз»,- деп санайды ҚР Президенттігіне үміткер, жазушы, «Түгел-медиа» халықаралық холдингінің негізін қалаушы әрі жетекшісі Сәдібек Түгел.

«Дәл көздей білу, икемділік пен шапшаңдықты қажет ететін қазақтың ежелден келе жатқан асық ату ойыны басқа спорт түрлеріндей арнайы алаң мен қомақты қаражатты қажет етпейді. Ең негізгісі - ынта мен қызығушылық. Ресми деректер бойынша бұл ойын түрімен елімізде 80 мыңдай адам айналысады»,- деді кандидаттың сенімді өкілі Ерболат Съезхан.

Сонымен қатар «асық ату ойыны бізді өткен бала шағымызға оралтып қана қоймай, оны ойнаушылардың бойында сенім, достық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастырады»,- деп санайды үміткердің сенімді өкілі Бақыт Мұхамедрахимова.

Агротехникалық колледж студенттері Рүстем Леденов, Виктор Жуменко және Асхат Тоқсанбаев турнир жеңімпазы атанды. Ақкөл қаласының тұрғыны Рүстем Леденовтың айтуынша, ол бала кезінен тек спортпен шұғылданып қана қоймай,қазақ тілін де жетік меңгерген.

Соңғы жаңалықтар