Ақкөл ауданында биыл 6 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақкөл ауданында 6 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы аудан әкімі Теміржан Едігенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аудан әкімінің сөзіне қарағанда, өңірде өндірілген өнім көлемі бойынша өнеркәсіп саласы көш бастап тұр. Мәселен, ағымдағы жылдың тоғыз айында 3,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде іргелі кәсіпорындар «ҚазОрманКомпаниясы» серіктестігі 133 миллион теңге, «Үш бұлақ-2005» серіктестігі 590 миллион теңгенің өнімін өндірген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында оң өзгерістер байқалады. Оның дені егін шаруашылығына тиесілі.

«Биылғы жылы аудан диқандары егістік алқаптың әр гектарынан 11 центнерден өнім алып, барлығы 138,7 мың тонна астық жинады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда біршама жоғары»,- дейді Теміржан Едігенов.

Сонымен қатар, ауданда мал шаруашылығы саласында да ілгері басушылық бар. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдарына мал өнімдерін шығаруға, селекциялық төлді асылдандыру жұмыстарына 104 миллион теңге субсидия бөлінген.

«Аудан Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға да үлес қосып отыр. Өңірде етті мал шаруашылығын дамыту аясында қолға алынған мемлекеттік бағдарламаларды орындау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта аудандағы «Қатаев» жеке кәсіпкерлігі «Ырыс» бағдарламасы арқылы 50 бас сиырға арналған сүт-тауарлы ферма ашты. Оған қоса, осы шаруашылық «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 300 бас ірі қара мен қой сатып алған. Алда тағы Қарағанды облысынан 500 бас ірі қараны жеткізуді жоспарлап отыр»,- деп сөзін жалғастырды аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудан «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму», «Бизнестің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Нұрлы жер», «Сыбаға», «Құлан» және «Береке» тәрізді мемлекеттік бағдарламаларға да белсенді қатысуда. Осы бағдарламалардың көмегімен ауданда өнеркәсіп саласы мен шағын және орта бизнес те даму үстінде.

Ал, құрылыс саласына келетін болсақ, тоғыз айда 5,5 миллион теңгенің жұмысы атқарылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары, яғни, 6 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй ғимараттары тапсырылды. Оған қоса, инфрақұрылымдарды дамыту, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында қомақты қаржы бөлініп, жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде Кіші Барап, Жалғызқарағай ауылдарында су құбырлары жөнделетін болса, Азат ауылында су құбырын салу бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп отыр.

Мәселен, «Терем.Ок» серіктестігі шай жапсырмаларын шығаруды, «Казанова» жеке кәсіпкерлігі лимонад және сусын өндірісін, «Кенебай» жеке кәсіпкерлігі сүт өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.

«Ауданда бұдан басқа да әлеуеті жоғары жобалар баршылық. Мұның барлығы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсеткіштерін жақсартып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру», дейді аудан әкімі.

Сонымен қатар, өңірде Елбасы Жолдауында айтылған әлеуметтік саланың дамуына да жете көңіл бөлінуде. Әсіресе, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылған.

Соңғы жаңалықтар