Әкімшілік жауапкершілікке тартылған «Теле2» 2 млн. теңгеге жуық айыппұл төлейтін болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Теле2» операторы монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 852 000 көлемінде айыппұл төлейтін болды.

Алматыдағы ауданаралық әкімшілік мамандандырылған соты «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға 1000 АЕК көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Қазақстанның Бәсекелестікті қорғау агенттігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жақында агенттік «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға монополияға қарсы заңнаманың бұзылуын анықтау мақсатында тергеу жүргізген болатын.

Аталған тергеу қорытындысы бойынша серіктестік қызметінде мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу сияқты жосықсыз бәсекелестік фактілері анықталды. Серіктестік іске қосылған нөмірлерді 120 күннен астам күн ішінде пайдаланбағаны үшін абоненттерден ақы алып отырған.

Көрсетілген факті бойынша агенттік серіктестікке қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғап, сондай-ақ монополияға қарсы заңнаманы бұзуды тоқтату туралы нұсқама шығарды.

Серіктестіктің ақпараты бойынша, агенттіктің нұсқамасын орындау мақсатында іске қосылған нөмірлерді пайдаланбағаны үшін абоненттерден күн сайын алынған қаражат қазір абоненттерге қайтарылды.

Алматыдағы ауданаралық әкімшілік мамандандырылған соты агенттіктің «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға (Теле2) қатысты тергеу нәтижелерін қолдады.

Соңғы жаңалықтар