Әкімшілік сот процесіне кімдер күштеп әкелінбейді – заң жобасы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өзіне қатысты жүріп жатқан әкімшілік құқық бұзушылық туралы сот процесіне келмеген тұлғаларды күштеп әкелу тәртібі бекітілмек. Бұл туралы Әділет министрлігі ашық талқыға шығарған заң жобасында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ашық» НҚА порталында жарияланған құжатта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 790-бабына (Күштеп әкелу) өзгеріс енгізу ұсынылған.

«Шақырту бойынша дәлелді себептерсіз келмеген кезде өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізіліп жатқан жеке тұлға не заңды тұлғаның өкілі, әкімшілік жауаптылыққа тартылатын кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі күштеп әкелінуі мүмкін. Күштеп әкелудің жалпы мерзімі 1 айдан аспауға тиіс», - деп көрсетілген жаңа редакцияда.

Шақырту туралы хабарламаны алған тұлғаның іске қатыса алмауына дәлел болатын себептер:

- адамның өз бетінше жүріп келу мүмкіндігі болмайтын ауруының болуы;

- жақын туыстарының қайтыс болуы;

- дүлей зілзала, адамды белгіленген мерзімде келу мүмкіндігінен айыратын өзге де себептер;

«Өзіне қатысты әкімшілік іс жүргізіліп жатқан жеке тұлға шақыру бойынша белгіленген мерзімде келуге кедергі келтіретін дәлелді себептерді шақырған органға хабарлауға міндетті. Бұған қоса, күштеп әкелу түнгі уақытта жүргізілмейді», - делінген құжатта.

Күштеп әкелу шешімі істі қарайтын судьяның, органның ұйғарымы негізінде қабылданады. Жеке тұлғаны сот процесіне әкелу ісімен ішкі істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ экономикалық тергеу қызметі жүргізеді.

«Жүкті әйелдер, 14 жасқа толмаған баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әйелдер мен ерлер, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты өзінің болатын жерінен кете алмайтын немесе кетпеуге тиіс науқастар күштеп әкелуге жатпайды», - деп жазылған жаңа редакцияда.

Сонымен қоса, уәкілетті органдар 16 және 18 жасқа толмаған адамдарды олардың заңды өкілдеріне ескертпестен күштеп әкете алмайды.

Айта кетейік, қазіргі заңанама талаптарында жоғарыда аталған ережелер жоқ.

Құжат 13 наурызға дейін көпшілік талқылауда болады.


Соңғы жаңалықтар