Әкімшілік полиция ЭКСПО жабылатын күні жеке көлікпен жүрмеуге кеңес берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің жабылу салтанатына 18 елдің президенттері келеді. Осыған байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Кептелістер де көп болуы әбден мүмкін. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Талғат Мұсақанов айтты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Енді, ЭКСПО-ның жабылуы кезінде Ислам елдерінің саммиті өтеді. Осыған байланысты 18 елдің басшылары келеді деген жоспар бар. Тағы 20-сы (үкімет басшылары - авт.) бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сөйтіп, шамамен 50 (ресми тұлға - авт.) болады. Шыны керек, қала қозғалысына үлкен салмақ түседі. Өйткені әрбір мемлекет басшысымен бірге жүруіміз керек. Олар 8 қонақүйде және 2 резиденцияда жатады. Барлығы ЭКСПО-ның жабылуына қатысады", - деді Мұсақанов бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, "Астана - ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көшелердің жабылуына қатысты ақпаратты таратуы тиіс. "Көлік кептелістерін барынша азайтуға тырысамыз. Дегенмен, сәл шыдай тұруға тура келеді. Өйткені қазірдің өзінде 30 елдің өкілдері келетіндерін растады. Сондықтан ол күні қала тұрғындарына өз көліктерімен жүрмеуге кеңес береміз. ЭКСПО-ны көргендер қаланың сыртына шығып, тынығып келсе де болады", - деп атап көрсетті полиция басшысының орынбасары.

 

Соңғы жаңалықтар