Әкіммен бірге таңғы ас: Болат Бақауов кәсіпкерлермен бейресми кездесті

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бизнес саласындағы түйткілдерді анықтау мақсатында 80-нен астам кәсіпкерді іскерлік таңғы асқа шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Болат Бақауов кәсіпкерлерге қызықтырған барлық сұрақтарын қоюды ұсынды. Оның айтуынша, бүгінгі күні билік халықпен түрлі тәсілдер арқылы, оның ішінде онлайн-режімде тілдесуге тырысуда. Ал Павлодар облысының бизнесмендерімен кері байланыс орнату үшін жеке алаңдар құру жоспарланып отыр.

«Мен әрбір кәсіпкерге жеке көңіл аударамын. ШОБ өкілдері белсенді және тиімді жұмыс жасауы үшін бізге не істеу керектігін айтыңыздар. Біз жеке секторды қолдау мен ынтымақтастықтың барлық нұсқаларын қарастыруға дайынбыз. Сіздер кез келген сұрақты қоя аласыздар. Ал, біз жақын арада оларға жауап береміз», - деді аймақ басшысы.

Кәсіпкерлер бұл қарым-қатынастың форматын қолдады. Таңғы аста кездесу олардың көпшілігіне тек өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, әлеуетті серіктестермен жолығып, басқа кәсіпкерлермен де ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.

«Бизнес мұндай кездесулерге мұқтаж. Өйткені, бізде мемлекеттік қызметкерлерге қоятын сұрақтар жиі болады. Сондықтан облыс басшылығының кәсіпкерлерге барлық есіктерді ашуға деген ұмтылысын толығымен қолдаймыз», - деді «Ertis Business Association» кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Аслан Кунияров.

Іскерлік таңғы асқа жиналғандардың алдында Нұр-Сұлтаннан келген қонақтар сөз сөйледі. Олардың ішінде Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы басшысының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов болды. Оның айтуынша, бүгінгі күні жоғары өңделген өнімдер шығаратын кәсіпорындар экспортты өсіру үшін қолдау таба алады. Өңірдегі құбырлар мен кабельді өндірушілер шет елдерге өнім жеткізу үшін тасымалдау шығындарына 200 миллион теңгеге дейін өтемақы ала алады.

«Кәсіпкер веб-сайттарда немесе баспа беттерінде кез келген қолдау бағдарламалары туралы ақпарат көргенде, ол адамда қосымша сұрақтар туындайды. Сол себепті, біз бизнесмендермен түрлі мәселелерді талқылап алу үшін бұндай кездесулерді құптаймыз. Бетпе-бет кездесу әрқашан тиімді болып келеді», - деді индустрия және экспорт орталығының өкілі.

Бір шыныаяқ шайдың үстінде бизнесмендер өз мәселелері туралы айтып берді. Мысалы, «Fresh Milk» ЖШС басшысы Олег Толмачев өндіретін сүт өнімдерін шет елге жеткізуді ұйымдастыра алмай жүргендігін мәлім етті.

«Біздің компания 2017 жылы Гонконгтағы халықаралық көрмеге қатысты. 2018 жылы біз Лондонға аттандық. Содан кейін шетелдік компаниялармен бірнеше келісімшартқа қол қойдық. Бүгін қайда болсын хабарлассақ та, құжаттарға байланысты түрлі кедергілердің кесірінен өнімдерді өзге елге жеткізуді бастай алмай отырмыз. Сыртқы нарыққа шығу үшін бізге көмек қажет», - деп сұрады бизнесмен.

Барлық қойылған сұрақтарға жауап беруге және мұқтаж кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге уәде берілді. Сонымен қатар, Павлодар облысының әкімі үш айда бір рет бизнесмендермен іскерлік таңғы аста кездесуге сөз берді.

Соңғы жаңалықтар