Әкімдіктерде әлеуметтік баспана алу кезегі 3 есеге артты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әкімдіктерде әлеуметтік баспана алу кезегі 3,5 есеге артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов мәлімдеді.

«Қарқынды құрылыс есебінен Қазақстан халықты баспанамен қамтудың орташа деңгейіне қол жеткізді. Алайда тұрғын үй қорының артқанына қарамастан, қолжетімді баспана мәселесі өзекті болып қала береді. Ең алдымен бұл халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне қатысты. Бүгінде әлеуметтік баспана алу үшін әкімдіктердегі кезек 3,5 есеге артты. 2012 жылы 147 мың адам, 2019 жылы - 512 мың адам кезекке тұрған. Мұның себебін урбанизация немесе халықтың еңбек миграциясы деп айтуға болады», - деді М. Жайымбетов ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алқа отырысында.

Сондықтан спикер «Нұрлы жер» жаңа бағдарламасындағы бірыңғай баспана саясатының негізгі ұстанымы - баспананың қолжетімділігін арттыру екенін атап өтті.

«Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық өз баспанасын алады. Жаңа тұрғын үй саясатының идеологиясы осы. Мемлекет басшысы айтқандай, бағдарламаларға қатысудың нақты критерийлері қарастырылуда, ондағы шешуші фактор халықтың табысы болмақ. Осылайша, табысы жоқ немесе табысы кедейлік шегінен төмен тұрғындарға сатып алу құқығынсыз жалдамалы баспана беріледі. Мұнда халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігі арасында іріктеу жүреді», - деді ол.

Жеңілдікпен несиелеу бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің «Бақытты отбасы», «2-10-25» бағдарламаларының баяғыдай өз мақсатты аудиториясы (көпбалалы, толық емес, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы) болады.

Ал «5-20-25» бағдарламасы бойынша әкімдіктердің несиелік баспанасына ең төменгі еңбекақының екі есе көлеміне (85 мың теңге) дейін табыс табатын қазақстандықтар өтінім бере алады.

«Ең төменгі еңбекақының екі еселенген көлемінен (85 мың теңге) жоғары табыс табатын қазақстандықтар «7-20-25» бағдарламасына немесе Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің нарықтық «Баспана-хит», «КИК-Орда», «Өз үйім» бағдарламаларына қатыса алады. Бұл шаралар мемлекеттік қолдауды атаулы көрсетуге және мемлекет ресурстарын дұрыс бағыттауға мүмкіндік береді», - деді Мархабат Жайымбетов.



Соңғы жаңалықтар