Әкімдіктер жылыту маусымына дайындықты күшейтуі қажет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдіктер инженерлік инфрақұрылымды, әлеуметтік сала нысандарын және тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын күшейтуі қажет.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жергілікті атқарушы органдар 10 662 қазандықты дайындады, бұл - 98,6 пайыз. Қалған 143 автономды қазандық бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысында жұмыс қарқыны төмен екені байқалады. Ағымдағы кезеңге жоспарланған 5038 шақырым жылу желілерінің 5 024 шақырымы немесе 99,1 пайызы жөнделді»,- деді министр.

Бейбіт Атамқұлов желілерді дайындауда да Батыс Қазақстан облысының дайындығы төмен екенін баса айтты.

«Әкімдіктер инженерлік инфрақұрылымды, әлеуметтік сала нысандарын және тұрғын үйлерді жылыту маусымына уақтылы дайындауды күшейтуі қажет, әсіресе бұл денсаулық сақтау және тұрғын үй нысандарына қатысты», - деді ол.

Министрдің айтуынша, жөндеуге жоспарланған 14 213 шақырым сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымының 14 089 шақырымы немесе 99,1 пайызы жөнделді.

«Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс қарқыны төмен», - деді Бейбіт Атамқұлов.


Соңғы жаңалықтар