Әкімдіктер жайылым жерлерді мемлекет қажетіне ала алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдіктер жайылым жерлерді мемлекет қажетіне ала алады. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта тұрғындардың малын жаюға жайылым жерлердің жетіспеушілігі проблемасы бар. Айта кетерлігі, елді мекендердің маңындағы жерлердің басым бөлігі екінші деңгейлі банктердің және олардың қаржылық ұйымдарының кепілінде тұр. Ал бұл жайт жергілікті атқарушы органдарға мемлекет қажеттілігі үшін жерді алып қою іс-шараларын қабылдауға мүмкіндік бермей отыр. Осы орайда «кепілге қойылған жерлерді алу бойынша қандай іс-шаралар қолданылады, қолданыстағы заңнамада кепілге қойылған жерді алу тетіктері бар ма?» деген заңды сауалдар туындайды», - деді Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы жөніндегі жұмыс тобының отырысында.

Осы мәселеге қатысты пікір білдірген ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов елді мекендердің төңірегіндегі жайылым жерлерге қатысты мәселенің өткір тұрғанын жасырған жоқ.

«Әсіресе оңтүстік өңірлерде мәселе өткір тұр. Таяуда ғана сараптама жүргізіп, оңтүстік өңірлерде жайылымдардың жүктемесі нормативтен 2 есе жоғары екендігін анықтадық. Соған орай қолданыстағы жер кодексінде әкімдіктердің мемлекет қажеттілігі үшін жайылым жерлерді алуы көзделген норма қарастырылған. Бұл нені білдіреді? Әкімдіктер елді мекен төңірегіндегі жерді пайдаланушылардан сол жерді алуына немесе елді мекеннен шалғайдағы дәл сондай жерді беруіне, учаскенің құнын өтеу арқылы сатып алуына мүмкіндік береді. Тіпті, халықтың қажетін қанағаттандыру үшін елді мекендердің маңындағы жерлерді әкімдіктердің қайтарып алғаны жайлы да деректер бар. Яғни, мұндай тәжірибе болғанымен белсенді түрде қолданылмайды. Әкімдердің барлығы осы жолмен жүріп отырған жоқ», - деді Рүстем Құрманов.


Соңғы жаңалықтар