Әкімдіктер үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жекелеген қағидалары әзірленбек

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдіктер үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жекелеген қағидалары әзірленбек. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджеттің 4-ші деңгейі үшін мемлекеттік сатып алуды өткізу тәртібін оңайлату мақсатында Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы халыққа Жолдауын орындау үшін «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының шеңберінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына жергілікті өзін-өзі басқару (бұдан әрі – ЖӨБ) үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ерекшеліктерін енгізу бөлігінде түзетулер әзірленді», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, осы заң жобасының аясында мемлекеттік сатып алуды икемді реттеуді қамтамасыз ету үшін ЖӨБ органдарына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жекелеген қағидаларын әзірлеу ұсынылады. Қағидаларда ЖӨБ үшін мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың мынадай екі тәсілін көздеу жоспарлануда:

– ЖӨБ өкілді органымен міндетті түрде келісе отырып, 4 000 АЕК дейін баға ұсыныстарын сұрату (өткізу мерзімі күнтізбелік 7 күн);

– конкурс 4 000 АЕК-тен басталады (күнтізбелік 25 күн).

«Осылайша, ЖӨБ деңгейінде сатып алу тәртібін оңайлатуға мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімдері мен тәсілдерін қысқарту есебінен қол жеткізілетін болады», - деді Әлихан Смайылов.


Соңғы жаңалықтар