Әкімдіктер оқулықтарды өз күшімен таси бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Оқулық" республикалық ғылыми-практикалық орталығы мектептерге оқулықтарды жеткізу мәселесін жіті бақылап келеді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық директорының орынбасары Әділxан Дүйсебектің айтуынша, оқулықтарды уақытында жеткізу мәселесі көтерілгеннен кейін осы саладағы жұмыс жылдам жүре бастады. Жеткізу компаниялармен келісімшарттар жасалды. Ал кейбір әкімдіктер оқулықтарды өз күшімен таси бастады. "Үкіметте Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы мен Түркістан облысының бірнеше ауданы туралы айтылды. Қазіргі кезде Астана қаласы жеткізуші компаниямен келісімшартты жасады. Сосын біраз облыстар оқулықтарды өз күшімен тасып жатыр. Жаңылмасам, баспалар оқулықтардың 51,3 процентін жіберді. Кітаптардың 45,5 проценті өңірлерге жетті. Жалпы, жергілікті атқарушы органдар 20 тамызға дейін оқулықтардың бәрін алдыртамыз деп сөз беріп отыр. Сөйтіп, мектептерге таратады. Сондықтан биыл оқулықтардың тапшылығы болмауы тиіс. Күнде мониторинг жасалып отырады", - деді Ә.Дүйсебек ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Айта кетейік, Үкіметтің өткен аптадағы отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев оқулықтарды жеткізу мәселесін көтерген болатын. "Негізі, оқулықтарды жеткізу - әкімдіктердің жауапкершілігіне жататын мәселе. Жалпы, облыстар кітаптарды жеткізу бойынша көлік компанияларымен келісімшарттарды рәсімдеді. Бірнеше өңірлер, оның ішінде Астана қаласы, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданы, Түркістан облысының төрт ауданы осы күнге дейін бұл жұмысты бастаған жоқ. Жаңа оқу жылына дейін 20 күн қалды. Сондықтан аталған жерлерге оқулықтарды уақытында жеткізбеу қаупі бар. Жергілікті атқарушы органдардың барлығынан осы мәселеге назар аударуды сұраймын", - деді Е.Сағадиев.

 

Соңғы жаңалықтар