Әкімдіктер көмірмен қамтамасыз ету жұмыстарын талапқа сай жүргізе алмай жатыр – ҚР ИИДМ

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде «Ашық сағат алаңы» жобасы шеңберінде алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңеске жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдері, көмір өндіруші кәсіпорындардың мамандары қатысты.

ҚР ИИДМ Қара металлургия және көмір өнеркәсібі басқармасының басшысы Жанат Игісіновтің айтуынша, алдағы жылыту маусымына дайындық наурыз айында басталып кеткен.

Айта кетерлігі, министрлік облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар бөлінісінде 2022-2023 жылдарға арналған көмір өнімдеріне қажеттілік жоспарын, сондай-ақ бюджеттік ұйымдар мен халық үшін көмірді алдын ала дайындауды қарастыратын Жол картасын әзірлеген болатын.

Спикердің пайымдауынша, әкімдіктер тарапынан көмірмен алдын ала қамтамасыз ету бойынша жұмыстар нашар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға көмір дайындау жұмыстарын аяқтау, сонымен бірге көмір бағасының заңсыз өсуіне қатысты бақылауды күшейту ұсынылды. Бұдан басқа, халық арасында көмірді сатып алу пунктері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша елімізде 56 млн тонна көмір өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,5 пайызға артық.

«Кездесуді қорытындылай келе, министрлік өкілі тапшылықты болдырмау үшін көмір жеткізушілермен белсенді өзара іс-қимыл жасау қажет екендігіне назар аударды. ҚТЖ өкілдеріне халықтың қажеттіліктеріне көмір тасымалдауға арналған вагондарды басым негізде қамтамасыз ету ұсынылды»,-делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР ИИДМ-де жан-жақты талқыланған жоспарлар мен шешімдерді қабылдау мақсатында «Ашық сағат алаңы» жобасы іске қосылған болатын. Диалог алаңы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру үшін министр Қайырбек Өскенбаевтың бастамасымен құрылды.


Соңғы жаңалықтар