Әкімдік терезесінен құлап кеткен: Қарағандыда жұмысшының өлім себебі анықталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ.ҚазАқпарат - Қарағандыда қалалық әкімдік ғимаратының терезесінен құлап кеткен 37 жастағы жұмысшының өлім себебі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жазатайым оқиғаны тергеп-тексерумен Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы құрған арнайы комиссия айналысты. Ведомство оның нәтижелерін мәлім етті.

«Қарағанды қаласы әкімінің аппараты» ММ қызметкерімен болған қайғылы жазатайым оқиға фактісі бойынша арнайы тергеу жүргізілді. Комиссия келесі себептерді анықтады: жұмыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан жұмыс өндірісінің қанағаттанарлықсыз ұйымдастырылуы, зардап шегушінің еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі нұсқаулықтардың талаптарын сақтамауынан болған өрескел абайсыздық«, - деп хабарлады Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасынан.

Комиссия жұмысының нәтижелері полицияға жолданды. Өңірдің Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы құқыққорғау органдары ҚР заңнамасына сәйкес тиісті шешім қабылдайтынын қосып өтті.

Еске салайық, биылғы 19 сәуірде Қарағанды әкімдігі ғимаратының төртінші қабаттағы терезесінен 37 жастағы жұмысшы құлап кеткен болатын. Ол жедел медициналық көмек келгенге дейін көз жұмды.


Соңғы жаңалықтар