Әкімдік: Республика бойынша ең арзан нан Таразда

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында нан бағасы тұрақтанды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Айта кетейік, қарашаның ортасына таман Тараздағы сауда орындарында нан бағасы қымбаттап, бір бөлкенің бағасы 75 теңгеге жеткен болатын. Оның себебі бірнеше өндіруші жергілікті билікпен келіспестен бидай мен ұн бағасының көтерілуіне байланысты нан бағасын да 10 теңгеге өсіріп жіберген.

«Қазір біз жағдайды реттедік, нан 60-65 теңге тұрады», - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков.

«Біз кәсіпкерлердің барлығымен сөйлестік. Олардың барлығы жағдайды түсініп отыр. Өйткені келесі жылдан бастап, коммуналдық төлемдер мен энергиятасымалдау бағасы төмендегелі отыр. Сондықтан нан бағасына қатысты жағдай тұрақты»,-деді ол.

Осы уақытқа дейін нан бағасы Таразда республика бойынша ең арзан болып келді. 2012 жылдан бастап, бірнеше наубайхана тұрақтандыру қорымен бірлесіп, шикізатты төмен бағамен алып келген. Осыған қарай нан бағасы да қымбат емес еді. Бүгінде Тараздағы тұрақтандыру қорынан арнайы дүкендерге нан 55 теңгеден жеткізіліп, 58 теңгеден сатылып келді.

Қазан айындағы мәліметтер бойынша, бидай ұнынан дайындалған 1 келі нанның бағасы 100 теңге болып келді. Бұл республика бойынша ең төмен баға. Бұл ретте нанның салмағы 600-650 грамм болды.

Облыс әкімдігінің өкілдері тұрғындарға қолдау көрсету мақсатында Тараздың Орталық алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып келгендігін айтады. Ол жерде тауарлардың бағасы нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен саудаланады.

Осыған дейін Жамбылда 14 колледждің басшысы тәртіптік жазаға тартылу мүмкіндігі туралы жаздық.

Соңғы жаңалықтар