Әкімдік халықты Жайықтағы зерттеу жұмыстарын бақылауға шақырды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысының Азаматтық орталығында өткен дөңгелек үстелде ғылыми бірлестік өкілдері, қоғам белсенділері және БАҚ өкілдері Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылу мәселесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жайық-Каспий Орxус орталығының Өңірлік координаторы Шынар Ізтілеуова кездесудің мақсатын айқындады. Оның сөзінше, аталмыш дөңгелек үстел пікір алмасу, оқиғаға қатысты жұртшылықтың алаңдаушылығын туындататын мәселелерді түсіндіру, әрі қарай әрекет ету үшін тиісті шараларды нақтылауды көздейді.

Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев өткен жылы Орxус орталығымен бірге Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету бойынша қоғамдық тыңдау өткенін атап өтті. Бүгінгі балық қырылуына қатысты мәселе де - қоғамның бақылауында.

«Мемлекеттік саясат мемлекеттік органдардың есептілігін дамытуға, барлық үдерістердің ашықтығына бағытталған. Сондықтан, аса маңызды мемлекеттік жобаларды біз қоғамдық бақылауға алуға ұмтыламыз. Біз жұртшылықтың талқылауға белсенді және сындарлы қатысқанын қалаймыз»,- деді Жасұлан Бисембиев.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қатысушыларды өз пікірлерін білдіріп, жаппай балық өлімінің алдын-алу шаралары бойынша ұсыныстарберуге шақырды.

Сауалдар мен ұсыныстар көп болды. Ең бастысы - балық қырылуының себептерін айтып, кім кінәлі екенін анықтау. Әзірге бұл сауалдарға ешкім тұшымды жауап бере алмай отыр.

«Қазір Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің екі бабыбойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын білесіздер. Сот сараптамалары тағайындалды. Сәуір айында тергеу нәтижелері жарияланады деп ойлаймын», - деп түсінік берді облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Садыбекұлы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Жайықты жан-жақты зерттеу үшін облыстық бюджеттен 80 миллион теңге бөлінді. Ол қалай өткізілуі тиіс, не нәрсеге алдымен көңіл бөлу қажет, мұнымен кім айналысады, ол не үшін жасалуы керек, бұған кім баса назар аударуы керек- бұл сауалдардың жауабын табу үшін билік жұртшылықты осы жұмыспен айналысатын әлеуетті мердігерлерге қойылатын талаптарды қалыптастыруға белсене қатысуға шақырды.

Қоғамдық бірлестік өкілдері өзен суының сапасы және оның адам денсаулығына қауіпсіздігі туралы күн сайын есеп жариялап отыруды ұсынды.

Бүгінде ондай мүмкіндік бар. atpress.kz ақпараттық сайтының «Атырау қоғамдастығы» арнасында кез келген адам Жайық өзенінің су сынамаларының зертханалық талдауы бойынша апта сайын толық ақпарат ала алады. Зертханалық талдау негізгі иондар, биогенді, органикалық заттар мен ауыр металдарды қоса алғанда, су сапасының 41 көрсеткіші бойынша жүргізілді.

«Біз ештеңені жасырғымыз келмейді - керісінше, осы жағдай бойынша объективті ақпарат алуға мүдделіміз. Бәріміз осы аймақтың тұрғындарымыз, осы суды ішіп жатқандықтан, болашағымыз баршамызды алаңдатады», - деді Жасұлан Бисембиев.

Балық өнеркәсібінің ардагері Бостан Сүлейменов Жайық-Каспий бассейніндегі балық популяциясының жағдайы туралы өз пікірін білдірді.

«Балық аулау лимитін бөлу мәселесін қайта қарау қажет. Азайту бағытында. Әрине, ғылыми ұсынымдар негізінде. Бүгінде бұл мәселені шешу қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласу керек. Балықтың өліміне қатысты жағдай жалпы қорға әсер етпейді деудің қисыны жоқ. Балық қорларын көбейтуді қамтамасыз ету үшін жас балықтарды құртып алмау қажет. Бұл үшін таяудағы үшжылда уақұяшықты тормен балық аулауға тыйым салу қажет. Бұндай тәжірибе Жайықта көксерке мен раушанның күрт азайғанда қолданылған болатын», - дейді Бостан Сүлейменов.

Қоғамдық тыңдау барысында облыста балық аулау мәселесін білетін қызметкерлердің жетіспеушілігі туралы айтылды. Шындығы сол - бұл салада, кәсіби дайындалған мамандар, алдымен, ихтиологтар жетіспейді. Соңғы екі жылда облыс әкімдігі өңірге қажетті мамандарды даярлау үшін білім гранттарын бөліп келеді. Биыл балық шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлауға гранттар бөлу туралы шешім қабылданды.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар мен ұсыныстар жасақталды. Мәселен, өзенді зерттеуге міндетті түрдее қоғамдық сарапшыларды тарту және халыққа есеп беру. АМӨЗ-дің Жайықты ластану жағдайына ықтимал әсерін анықтау. Балық популяциясын сақтау және қалпына келтіру жөніндегі ең басты шараларды анықтау. Өзен суының жай-күйі, «АтырауСуАрнасы» ЖШС ауыз суы сапасы туралы ақпаратқа толық және уақтылы қолжетімділік болуы қажет. Сондай-ақ, қоғамдық белсенділер Жайық өзеніндегі зерттеулер жұмысы барысында бағдарламалар мен жобаларға бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылуын мониторинг жасайтын жұмысшы топ құруды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар