Әкімдік денесін күйік шалған баланы бақылауға алды - Алматы облысы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Денесін күйік шалған 7 жастағы баланың жағдайын жергілікті әкімдік бақылауға алды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел айтып берді.

Қазір 7 жастағы бала Алматы облысы Талғар ауданында тұрып жатыр. 2015 жылы үйде пеш жарылып, баланың кеуде тұсын бет аузын күйік шалған.

Айта кетейік, қоғам белсендісі Аружан Саин әлеуметтік желіде денесін күйік шалған, өздігінен аузын жаба алмайтын бала туралы жазба қалдырған болатын. 

 «SOS! Саңыраулар мен соқырлар елі... Денесінің жартысын 1,2,3,4 дәрежедегі күйік шалған бала тұрып жатыр. Бұрын облыстық ауруханада емделген. Қазіргі жағдайы өте мүшкіл. Терісі жиырылып, тартылған кезде баланың жанына батады. Бұрын мұндай балаларды шетелге емдеуге жіберетінбіз. Оларға жасанды тері жапсырылады. Ол баламен бірге өсуі тиіс. Бізде ондай емдеу жасалмайды. Баланың аузы жабылмайды, саусақтары жиырылып қалған. Облыстық, аудандық дәрігерлер қайда қарап отыр?», - деді Аружан Саин.

Әкімдік өкілінің айтуынша, баланың мүшкіл халі қоғамда үлкен шу туғызды. Сол себепті жергілікті әкімдік жағдайды бақылауға алды.

 «Әзірге қызметтік тексеру басталған жоқ. Біреуді жазалау туралы әңгіме айтуға әлі ерте. Бірінші кезекте баланы аудандық ауруханаға жатқызуға күш салып жатырмыз. Ең алдымен баланы емдеу керек. Бала медициналық көмекке мұқтаж. Одан әрі қалай емдеу керектігі келесі мәселе», - деді Ғалымұрат Жүкел.

Оның айтуынша, баланың анасы ішімдікке салынып кеткен. Қазір билік өкілдері оны мәжбүрлеп емдеуге жауып тастады.

Қазір бала Талғар ауданында апасымен тұрып жатыр.

«Апасы баланы ауруханаға жатқызудан бас тартып отыр. Ол баланың жағдайы жақсы дейді. Бірақ суретке қарасақ,  балаға көмек керек екені айқын. Баланы емдеуге жатқызған соң ғана мұндай жағдайға жеткізген тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Қамқорлыққа алу органдары, ата-анасының жауапкершілігі ескеріледі», - деді Ғалымұрат Жүкел.

Өз кезегінде облыстық аурухана өкілдері баланың қажетті ем қабылдағанын, қалған ем-шараны амбулаториялық жағдайда жалғастыруы тиіс болғанын хабарлады.

Айта кетейік, «Милосердие» қоғамдық қорының өкілдері жанашыр азаматтардан қоғамдық қор жинауды бастап кетті. Қор жетекшісі Аружан Саин баланы шетелге емдету керектігін алға тартуда.

Соңғы жаңалықтар