Әкімдерге партияда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салатын заң қаралып жатыр
2022 жылғы 27 сәуір 14:30

Әкімдерге партияда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салатын заң қаралып жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдерге партия филиалдарында лауазымды қызмет иеленуге шектеу қоюға қатысты тиісті заңдар қаралып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін палатаның жалпы отырысынан кейін тілшілер Е. Қошановтан әкімдерге партия филиалдарында лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

«Осы бойынша Президент жариялаған болатын. Жақын арада бұл тақырып бойынша шешімдер қабылданады деп ойлаймын. Нақты күнін айта алмаймын, бірақ тиісті заңдар қаралып жатыр», - деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 26 сәуір күні партия съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының төрағасы ретінде өкілеттігін тоқтатып, партиядан шығу жөнінде шешім қабылдағанын жариялады .

Сонымен қатар биыл наурыз айындағы Жолдауында Мемлекет басшысы әкімдерге партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек екенін айтты .

«Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн. Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT