Әкімдердің жауапкершілігін арттыруға негізделген қадамдар іске асырылады - Жұлдыз Бораншина

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік басқарудан негізгі айырмашылығы неде? Жергілікті өзін-өзі басқарудың одан арғы дамуы бойынша іс-шаралар қалай іске асырылмақ. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігіӨңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті Жергілікті өзін-өзі басқару басқармасының басшысы Жұлдыз Бораншина саладағы жұмыстар жайында баяндап берді.

Қазіргі кезде елімізде әкімшілік-саяси басқаруды құрудың екі механизмі бар. Олар - жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару.

«Жергілікті өзін-өзі басқару түрлі елде өз жолымен дамып, қазіргі уақытта едәуір түрлі формаға ие. Бұл формалардың маңызды айырмашылығы мемлекеттік басқару жүйесіне интеграциялану деңгейінде. Тіпті, мемлекеттік құрылымның осы деңгейінің атауының өзінде айырмашылық байқалады. Мәселен, жергілікті басқару, муниципалдық басқару, жергілікті автономия, аумақтық орталықсыздандыру. Жергілікті өзін-өзі басқарудың мемлекеттік басқарудан басты айырмашылығы шешілетін міндеттердің көлеміне байланысты», - деді Жұлдыз Бораншина.

Атап айтқанда, мемлекеттік басқару аудан, облыс және тұтас алғанда бүкіл ел ауқымында мемлекеттік саясатты жүргізу мақсатында жүзеге асырылатын қызметті білдіреді.

«Мемлекеттік басқарудың түйінді міндеті – әрбір өңірдің ерекшелігін ескере отырып, жалпыұлттық деңгейдегі және тұтастай алғанда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мәселелері мен міндеттерін тиімді шешу. Егер жергілікті өзін-өзі басқару туралы айтатын болсақ, бұл халықпен тікелей, сондай-ақ мәслихаттар және тиісті аумақтағы басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары, яғни аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ арқылы жүзеге асырылатын қызмет. Тиісті елді мекендердің халқы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дербес сайлайды. Осылайша, жергілікті өзін-өзі басқарудың басты міндеті - жергілікті маңызы бар мәселелерді, нақты елді мекеннің дербес бюджеті қаражаты шегінде, өз жауапкершілігі аясында өз бетінше және тиімді шешу», - деп түсіндірді сарапшы.

Бұл ретте жергілікті өзін-өзі басқару саясаты жалпыелдік стратегиялық міндеттермен және қолданыстағы заңнамалармен қайшы келмеуі тиістігін ескерген жөн. Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқарудың меншікті моделі қалыптасып, дамуда. Ол мыналарға негізделген:

1) өңірлік, жергілікті өкілді және атқарушы билік органдарының мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару функциялары мен өкілеттіктерін қоса атқаруы;

2) азаматтардың жергілікті қоғамдастықтардың мүшесі ретінде жергілікті маңызы бар неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге тікелей немесе сайланбалы органдар арқылы қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

Айта кетейік, 2013 – 2020 жылдары Қазақстан Республикасында Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың алғашқы тұжырымдамасын іске асыру аясында мынадай негізгі нәтижелерге қол жеткізілді:

1) жергілікті өзін-өзі басқару органдары ұйымдастырылды, жергілікті қоғамдастықтарды қалыптастыру, олардың жиналыстары мен жиындарын өткізу тәртібі, сондай-ақ олардың өкілеттіктері регламенттелді;

2) астана, республикалық және облыстық маңызы бар қалалар әкімдіктерінің жанынан халықпен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші орган ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері құрылды;

3) барлық деңгейдегі әкімдердің өздеріне сеніп тапсырылған әкімшілік-аумақтық бірліктерді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары, мәселелер мен оларды шешу жөніндегі жоспарлар туралы хабардар ете отырып, халыққа жыл сайын есеп беру кездесулерін өткізу практикасы енгізілді;

4) жергілікті өзін-өзі басқарудың институционалдық және экономикалық негіздерін оңтайландыруға әрі нығайтуға бағытталған шаралар кешені қабылданды.

«2018-2020 жылдары ауылдық округтерде бюджеттік жүйенің төртінші деңгейі енгізілді. Ауылдық округтер өз бюджетін құруды, жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін басқаруды бастады. Ауылдық округ бюджеті салық, төлем, айыппұл, ерікті жарна, коммуналдық мүлік табысы, сондай-ақ жоғары тұрған бюджет субвенцияларынан құрала бастады. Тиісінше, азаматтар да салықтың қайда жұмсалып жатқанын көру мүмкіндігіне ие болды. Шығындар мен басымдықтар енді міндетті түрде тұрғындармен талқыланады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға одан әрі серпін беру үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарын реформалаудың келесі кезеңінің мақсатын айқындайтын құжатты әзірлеп, бекіту, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару мен мемлекеттік басқару функциясының аражігін ажыратудың уақыты келіп жетті», - деді Жұлдыз Бораншина.

Оның айтуынша, барлық аталған іс-шаралар Мемлекет басшысы биылғы 18 тамызда бекіткен Қазақстан Республикасында Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі жаңа тұжырымдамасында көрініс тапты.

Тұжырымдамада көрсетілген міндеттерге қол жеткізу бойынша барлық негізгі заңнамалық өзгерістер «Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жекелеген заң әзірлеу жолымен іске асырылады.

Бұл ретте қазіргі уақытта мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқарудың жұмыс тәртібі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» бір Заңмен регламенттелген.

«Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару туралы» жаңа заңды әзірлеу аясында мемлекеттік басқару деңгейлері бөлінісінде өзіне тән емес, қайталанатын, жетіспейтін функцияларды анықтай отырып, функциялар мен өкілеттіктерге талдау жасау қажет.

«Қорытындысы бойынша функцияларды беру, сондай-ақ оларды алып тастау, мемлекеттік басқару деңгейлері, оның ішінде облыстық, қалалық және ауылдық деңгейлердегі жергілікті атқарушы органдар арасында қайта бөлуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл ретте өкілеттіктерді қайта бөлу мемлекеттік органдардың кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қатысты жаңа функцияларды орындауға дайындығын ескере отырып пысықталады.

Жергілікті өзін-өзі басқару деңгейіне функцияларды беру ағымдағы проблемаларды уақытылы анықтау мен шешу, сондай-ақ ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған нақты міндеттерді айқындау үшін жағдай жасауы тиіс. Өз кезегінде, мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді бөлу әкімдердің жергілікті маңызы бар міндеттерді шешу үшін ресурстарды тиімді пайдалануға қатысты жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді ведомство өкілі.


Соңғы жаңалықтар