Әкімдер сайлауының сәтті өтуі тұрғындардың белсенділігіне тікелей байланысты - сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Мәдина Бектенова ауыл әкімдерін сайлауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2020 жылғы Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттігі туралы мәлімдеді. Мемлекет басшысы мұны елді демократияландырудағы және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайтудағы маңызды қадам деп атады. Жалпы, жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі қазақстандық саяси күнтәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда 2018 жылдан бастап ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет енгізілді, ол бюджеттің төртінші деңгейі ретінде айқындалды. Сонымен қатар, жақында сенаторлар Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған саяси реформаларды іске асыру аясында сайлау туралы заңнамаларға бірқатар түзетулер енгізді. Осы заңнамаларды қабылдау арқылы әкімдерді тікелей халықтың сайлауына мүмкіндік туды. Бұдан былай аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдері тікелей сайлауда сайланады», - деді Мәдина Бектенова.

Оның пайымынша, осынын бәрі Қазақстандағы демократиялық процестер дамуының көрсеткіші әрі ұтымды мүмкіндігі.

«Биыл қазіргі жергілікті әкімдердің көпшілгінің 4-жылдық қызметі мерзімі аяқталып, 800-ден астам ауыл әкімдері жаңадан тікелей сайлау арқылы сайланады. Бұл сайлауға халық та, мемлекет өкілдері де үлкен үміт артып отыр. Осылайша, Қазақстан жергілікті билік органдарын сайлаудың тиімді жүйесін құру жолына қадам басып отыр. Қабылданған заңдар кандидаттарды ұсыну мен сайлауды құқықтық реттеуді анықтайды. Сайлауға жасы 25-ке толған азаматтар қатыса алады. Кандидаттарды саяси партиялар мен аудан әкімдері ұсынады. Сондай-ақ, азаматтар өзін-өзі ұсынып, сайлауға кандидат ретінде қатысуға мүмкіндік бар. Ол үшін сол ауыл тұрғындарының кем дегенде 1 пайызының қолын жинау қажет. Осы ретте егер соңғы мерзімге дейін ұсынылған кандидаттардың саны екіден аз болса, аудан әкімдері балама үшін өз кандидаттарын ұсынатынын айта кеткен жөн. Әрине, осы сайлаудың сәтті өтуі жергілікті халықтың белсенділігіне де тікелей байланысты. Ол ең біріншіден, өзін-өзі ұсыну мәселесі болса, екіншіден, ауыл тұрғындарының сайлау процесіне қатысу деңгейі, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дұрыс түсініп, өз мүдделері үшін белсенді әрекет етуі», - деді сарапшы.

Мәдина Бектенованың айтуынша, ауылдық әкімшілік басшыларын сайлау, ауылдық кеңестің жұмыс істеуі немесе азаматтардың ауыл жиналыстарына белсенді қатысуы, ауыл тұрғындары атынан сөз сөйлейтін басшыларды, ақсақалдарды ұсыну, тәуелсіз бюджетті қалыптастыру және оның кіріс бөлігін кеңейту – бұның бәрі ауылдық жерлерде дамыған өзін-өзі басқару жүйесінің көрсеткіштеріне жатады.

«Сондықтан Қазақстандағы ауыл әкімдерін сайлау мемлекеттік басқаруды одан әрі орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару институттары мен жергілікті демократия институттарын кеңінен енгізу тәжірибесінің маңызды бағыттарының біріне айналуы өте маңызды», - деді ол.

Еске сала кетейік, өткен аптада Сенат әкімдерді тікелей халықтың сайлауына мүмкіндік беретін заңды қабылдады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес біліктілік талаптарына сай келген және 25 жасқа толған еліміздің кез келген азаматы сайлана алады. Саяси партиялар мүшелері және сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1% -ына қол жинаған кандидаттар сайлауға түсе алады. Сайлау 40 күн бұрын жарияланады, ал сайлаудың өзі қазіргі әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтеді. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады


Соңғы жаңалықтар