Әкімдер қандай жағдайда отставкаға өтініш береді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері қандай жағдайда отставкаға өтініш беретіндігін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Облыс, республикалық маңызы бар қала немесе астана әкімдері өзінің орынбасары, өзіне тікелей бағынысты мемлекеттік саяси қызметші, аппарат басшысы не аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған кезде отставкаға өтініш береді, - деді МҚІА-ның Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Ерлан Сапаров.

Сондай-ақ облыс, республикалық маңызы бар қала немесе елорда әкімінің орынбасары өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанда, ал аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкімдері өзінің орынбасары, әкім аппаратының басшысы, өзі жетекшілік ететін, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанда отставкаға өтініш беруі тиіс.

Ерлан Сапаровтың атап өтуінше, «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» Заңның мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы мәселесі бойынша ережелері 2019 жылдың 10 желтоқсанында қолданысқа енгізілген. Осылайша, отставкаға кету туралы міндет өткен жылдың 10 желтоқсанынан кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған қызметкерлердің басшыларына және саяси қызметкерлерге қолданылады. Мемлекеттік саяси қызметшілер, егер олар тағайындалған күннен бастап үш ай өткеннен кейін сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған жағдайда отставкаға кетеді.

Саяси қызметшілер соттың айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін немесе сот әлде қылмыстық қудалау органы қылмыстық істі Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10), 11) 12) және 12) тармақшаларының немесе 36-бабы негізінде қысқартқан соң 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға береді.

Басшылардың жауапкершілігін қарау кезінде көрсетілген шарттардан басқа, қол астындағыларға жасалған сыбайлас жемқорлық қылмысы мен басшының сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін орындамаудағы немесе тиісінше орындамаудағы кінәсі арасында байланыстың болуы да маңызды.


Соңғы жаңалықтар