Әкімдер ипотеканың алғашқы жарнасын субсидиялауды пысықтауы тиіс - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әкімдер жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтаулары қажет. Бұл туралы бүгін Ақордада Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде біз тұрғын үй құрылысына зор серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасын табысты іске асырудамыз. Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы қолға алынды. Әкімдерге жергілікті бюджет есебінен жеңілдетілген ипотека бойынша алғашқы жарнаны ішінара субсидиялау мәселесін пысықтауды тапсырамын», - деді Елбасы.

ҚР Президенті мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру біліктілігі жоғары педагогтар, медицина қызметкерлері, полицейлер және өңірге қажетті басқа да мамандар үшін ипотеканың қол жетімділігін арттыратындығын баса айтты.

«Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін ірі қалаларда жалдамалы тұрғын үй құрылысын ұлғайту қажет. Бұл шаралар 250 мыңнан астам отбасы үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бюджет есебінен салынатын жаппай құрылыс алаңдарына арналған инженерлік инфрақұрылым жүргізуді қоса алғанда, мемлекет бес жыл ішінде 650 мың отбасыға немесе 2 миллионнан астам азаматтарымызға қолдау көрсетеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар