Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлердегі кемшіліктерді жоюы керек - Әлихан Смайылов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Премьер-Министр Әлихан Смайылов мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер сапасын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлердің мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Мемлекет тұрғын үй құрылысына көлемді қаржы бөліп отыр. Бірақ, тұрғын үйлердің сапасына қатысты шағым өте көп. Аулалардың фотосын қараңыздар. Бұл үйлердің қай өңірде салынғанын айтпай-ақ қояйын. Десек те, барлық жерде осындай көрініс. Балалардың ойын алаңына да бір қарасаңыздар. Жолдардың жағдайы бөлек әңгіме. Бұл не қалыпты нормаға айналған ба? Әкімдер бюджет қаржысына салынған үйлерге ревизия жасап, барлық кемшіліктерді жоюы керек», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы аталған мәселені шұғыл шешіп, тұрғын үй құрылысының сапасын қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты.

«Бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында шұғыл әрі сапалы шешуді қажет ететін мәселе көп. Жауапты мемлекеттік органдардың жұмысында да халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде кемшіліктер бар. Кезекте тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарының сапасыз жоспарлануын да бөлек алып қарауға болады. Салынып біткен тұрғын үйлерін ала алмай жүрген азаматтардан шағымдар көп түсіп жатыр. Себебі, «Отбасы банкінде» жеңілдікпен несие беруге қажетті қаражат жоқ», - деді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар