Әкімдер азық-түлік тауарларының ішкі нарыққа жеткізілімін қатаң бақылауы тиіс - Үкімет

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыруды қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыруды қамтамасыз ету қажет. Біз жоғары импортқа тәуелділікті анықтадық. Мәселен, 8 тауар тәуекел тобына кірді. Олар бойынша импорт үлесі 15 пайыздан асады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тауардың 5-7 пайыз көлеміндегі аздаған тапшылығы алыпсатарлықтың себебінен бағаның 1,5-2 есе өсуіне әкелуі мүмкін», - деді ол.

Оның атап өтуінше, Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызды тауарларды өндірушілердің барлық қауымдастықтарымен кездесу өткізді. Кездесулердің қорытындысы Қазақстанның барлық азық-түлік тауарлары бойынша өндірісті ұлғайтуға үлкен әлеует бар екенін көрсетті.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдермен бірлесіп аталған тауарларды өндіру көлемін ұлғайту бойынша жұмысты бастауға тиіс. Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мемлекеттік бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту үшін субсидия алушыларға бизнестің қарсы міндеттемелерін белгілеу тетігі көзделген. Осыған байланысты, әкімдер субсидияларды беру кезінде ішкі нарыққа жеткізілімдерге қатаң бақылауды жүзеге асыруы тиіс», - деді Бақыт Сұлтанов.


Соңғы жаңалықтар