Әкімдер азық-түлік бағасын реттеу функцияларын пайдаланбай отыр - Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әкімдер азық-түлік тауарларының бағасын реттеу функцияларын пайдаланбай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазан айының басынан 12 қарашаға дейінгі жағдай бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1 пайызға өсті. Бұл ретте, егін жинау маусымына қарамастан, бірнеше тауардың бағасы он шақты пайызға өскені байқалады. Мәселен, қарақұмық жармасы – 46,3, ал жыл басынан - 62,9, күріш – 0,7, жыл басынан бері - 32,3, ұн 10,2, жыл басынан 27,8 пайызға қымбаттады. Қазан мен қараша аралығында бағаның төмендеуі мынадай тауарлар бойынша байқалады: күнбағыс майы - 0,4, картоп - 3,4, сәбіз - 4,5, пияз - 5,8, қырыққабат - 7,7 және қант 7,9 пайыз», - деді министр.

Оның дерегінше, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның максималдық өсуі Атырау, Павлодар, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында байқалуда.

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, (Үкімет басшысы Асқар Мамин) Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, аталған өңірлерде әкімдердің орынбасарлары деңгейінде жауапкершілікке тартуды ұсынамын. Бұл ретте, барлық өңірлерде негізінен көкөністерге, етке, нан мен қарақұмыққа шекті мәндердің 15 пайызға асқанын атап өтемін», - деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті мәндердің ең көп артуы Қызылорда, Шымкент және Түркістан қалаларында 6 тауар бойынша тіркелген. Яғни, қырыққабат, пияз, сәбіз, ұн, нан және сиыр еті қымбаттаған. Ал Алматы, Ақтөбе қалаларында, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 5 тауар бойынша баға өскен.

«Маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру және мүмкін болатын алыпсатарлық ауытқуларды болдырмау үшін жедел шаралар қабылдау мақсатында, 2018 жылғы мамыр айында әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша функциялар берілді. Алайда, бүгінде іс жүзінде әкімдіктер бұл функцияны пайдаланбай отыр», - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин азық-түлік бағасының өсуіне жол берген бірқатар шенеунікті жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар