Әкім сайлауынан кейін тұрғындар бүкіл жұмысты бақылай алады – Алма Қозбаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл әкімдерін тікелей сайлау әрбір қазақстандыққа өзінің партиялық қатысуына қарамастан конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Бұл пікірді «Kaisar-kz» ҚБ төрағасы, Павлодар облысындағы партиялық емес бақылау орталығының төрағасы Алма Қозбаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет өкілеттік мерзімі аяқталған ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтіп жатыр. Ауыл әкімдерін тікелей сайлау әрбір қазақстандыққа өзінің конституциялық құқығын партиялық қатысуына қарамастан жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындар әрдайым ауылдық мәселелерді сапалы шешуге мүдделі, қазір бізде тікелей қатысып қана қоймай, жұмыс нәтижелеріне әсер ету мүмкіндігі де пайда болады. Өзін-өзі ұсынушыларға сайлауға қатысу мүмкіндігі бүкіл сайлау процесінің бәсекелі өтуіне жаңа серпін береді. Бұл шараның бірегейлігі сонда, тұрғындар бүкіл процесті бақылай алады. Нақты кандидатқа дауыс беріп, әкімді сайлайды, егер тұрғындар әкім өзінің лауазымдық міндеттерін атқармайды деп санаса, оған сенімсіздік вотумын білдіре алады. Олар сайлаушының құқықтарын толық пайдалана алады», - деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, тікелей сайлау кезінде саяси партиялардың, халықтың және сайланған әкімнің жауапкершілігі арта түседі.

«Жаңадан сайланған әкім өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті толық сезінуі тиіс. Сонымен бірге, өзін-өзі ұсынушылар дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың кемінде 1%-ынан қол жинау арқылы сайлауға қатысуға үміткер бола алады. Бұл – әділ күреске қатысқысы келетіндер үшін жеңіске жетудің үлкен мүмкіндігі. Жоғарыда айтылған өзгерістер азаматтардың белсенділігі мен сана-сезіміне әсер етеді. Әрбір қазақстандық өзінің сайлауға қатысуы мен ауыл болашағы өзара байланысты екенін түсінуі тиіс. Еліміздің әрбір азаматына жеке жауапкершілік артатын кез келді, өйткені Қазақстан – жалға алынған үй емес, өз үйіміз», - дейді Алма Қозбаева.

Айта кетейік, Павлодар облысында сайлау процесін партиядан тыс 400-ден астам байқаушы бақылап отыр. Партиялық емес бақылау орталығына төрт қоғамдық бірлестік кірген. Бүгінде олар учаскелік комиссиялардың жұмысына ғана емес, партиялық байқаушылардың жұмысын да қадағалайды, дауыс беру процесін бақылайды.


Соңғы жаңалықтар