Әкім сайлауы: Жамбыл облысында 24 әйел кандидат ретінде тіркелген

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Жамбыл облысы бойынша 38 ауылдық округтегі 93 елді мекенде 89 учаскелік сайлау комиссиялары жұмыс істейді. Ал ондағы саяси шараларға ат салысатын азаматтар саны да нақтыланған әрі қызу жұмысқа кірісіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Барлық учаскелік сайлау комиссияларында арнайы оқудан өткен 625 адам жұмыс істеуде. Ал 10 ауданның орталығында 70 адам жұмылған. Бұл туралы бүгін ӨКҚ алаңында Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов айтып берді.

«Дайындық деңгейіміз жоғары. Бүгінде учаскелік сайлау комиссияларының дайындығы 90% құрап отыр. Уәкілетті органдар кездесулердің кестесін жасады. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде 71 үй-жай белгіледі. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп, барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн 96 орындарды анықтады. Оларды аудандық газеттер беттерінде хабардар етіп, аудандық әкімдерінің интернет-беттерінде орналастырды», — деді С.Айдапкелов.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 25 маусымында облыстағы аудандық сайлау комиссияларының шешімдерімен 2017 жылы сайланған әкімдердің өкілеттіктері мен өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған 38 сайлау округінде — сайлау жарияланды. Сайлау процесі басталғаннан бері облыстағы ауылдық округ әкімдеріне жалпы саны 122 кандидат ұсынылды. Ұсыну мерзімі аяқталған күні яғни, 9 шілде, сағат 18.00-де барлық ауылдық округтер бойынша әр округке 2-ден көп кандидат ұсынылған.

Тіркеуден түскен кандидаттар да бар. Аудандық сайлау комиссиялары 14 шілдеде 116 кандидатты тіркеді. 4 кандидат түрлі себептермен тіркеуден бас тартылған. Оның ішінде 2-уі өз кандидатураларын қайтарып алу туралы өтініш беріпті. Ал 2 үміткерді тіркеу туралы шешімнің күші жойылған.

Айта кету керек, науқанға нәзік жандылар да белсенді қатыспақ. Айталық, жалпы тіркелген 116 кандидаттың орташа жасы 39,9 жасты құрайды десек, олардың 24-і әйелдер.


Соңғы жаңалықтар